Halyq Uni логотип
×

Елімізде тұрғын үй бағасы қалай өзгерді

Қазандағы статистика жария болды

 Қымбат Елтайқызы 12.11.2024 | 12:36
Елімізде тұрғын үй бағасы қалай өзгерді
фото: Halyq Uni

Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы қазандағы тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруі мен мәміле саны туралы деректер жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бюро мәліметінше, бір жылда (2024 жылғы қазан 2023 жылғы қазанға) пәтерлерді қайта сату бағалары – 3,9%, жаңа тұрғын үйлерді сату 2,3% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2024 жылғы қазанда 6,7% жоғарылады.

Өңірлер бөлінісінде жаңа үйлер нарығында жылдық мәнде баға Тараз – 8,6%, Ақтөбе – 7,9%, Талдықорған – 7,2%, Көкшетау, Қызылорда қалаларында – 7,1%-дан едәуір өскен. Қолданыстағы үйлер нарығында баға өсімінің көш басын Атырау (24,7%) мен Астана қаласы (11,3%) бастап тұр, тұрғын үйді жалға алу нарығында – Орал (24,2%), Шымкент (21,9%) және Петропавл қалалары (21%), – деп қосты ведомство.

Бір айдың ішінде (2024 жылғы қазан 2024 жылғы қыркүйекке) жаңа тұрғын үйді сату 0,6% өсті, ал пәтерлерді қайта сату 0,4% төмендеді. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі қазанда өткен аймен салыстырғанда 0,6% жоғарылады.

2024 жылғы қазанда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 39 143 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 8 690 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 30 453 мәміле жасалды. 2024 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда (39 543) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 1%-ға азайды. Мәмілелер саны бойынша Алматы (7 642 – 19,5%) және Астана (6 993 – 17,9%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 997 – 7,7%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 527 мәміле (1,3%).

2024 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда қазанда ең көп өсім Ұлытау (+33,1%), Қызылорда (+22,6%) және Абай (+21,2%) облыстарында тіркелді. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Батыс Қазақстан (-21,5%), Солтүстік Қазақстан (-19,8%) және Жетісу (-8,6%) облыстарында орын алды, – деп толықтырды бюро.

2024 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны бойынша жағдай тұрақты, азаю тек 0,2%-ға (54 мәмілеге). 2024 жылдың қазанда пәтерлер бойынша барлығы 30 453 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 77,8%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Алматы (23,2%), Астана (22,6%) қалаларына және Қарағанды облысына (8,3%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2024 жылдың қазан айында олар бойынша 11 570 мәміле ресімделген.

2024 жылдың қыркүйек айымен салыстырғанда, 2024 жылдың қазанында жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 3,8%-ға (346 мәмілеге) азайған. Қазанда барлығы 8 690 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең көп өсімі Ұлытау (+42,9%), Түркістан (+21,6%) және Абай (+11,7%) облыстарында байқалды. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Солтүстік Қазақстан (-28,5%), Батыс Қазақстан (-21,9%) және Маңғыстау (-21,6%) облыстарында орын алды.

2024 жылғы қазанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 18,7%-ға көбейген, ол кезде 32 975 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Ұлытау облысында (76,8%) байқалды, ең үлкен төмендеу – Түркістан облысында (-28,3%). 2024 жылдың қаңтар-қазан айларындағы мәмілелер санын 2023 жылғы қаңтар-қазан айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда 14,1%-ға өсім байқалады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама