Ескі 5 мың теңгелік банкнотаның айналымда жүру кезеңі ұзарады
Олардың қай уақытқа дейін қолданылатыны белгілі болды
Ұлттық банк номиналы 5 000 теңгелік банкноталардың айналымда қатар жүру кезеңін ұзартады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қазақстан Ұлттық банкі (ҚҰБ) 2011 жылғы үлгідегі номиналы 5 000 теңгелік банкноталардың (ескі үлгідегі банкноталар) және 2023 жылғы үлгідегі өзгертілген дизайндағы номиналы 5 000 теңгелік банкноталардың (жаңа үлгідегі банкноталар) айналымда қатар жүру кезеңі 2025 жылғы 24 қыркүйекке дейін ұзартылғанын мәлімдеді.
Айналымда қатар жүру кезеңі аяқталғаннан кейін, яғни 2025 жылғы 25 қыркүйектен бастап барлық банк пен Қазпоштада 3 жыл ішінде, ал ҚҰБ филиалдары ескі үлгідегі банкноталарды жаңа үлгідегі банкноталарға мерзімсіз айырбастайды, – деп қосты ведомство.
Айналымда қатар жүру кезеңінде жаңа үлгідегі және ескі үлгідегі банкноталар заңды төлем құралы болып қалатынын, төлемдер мен аударымдар жасала беретінін, банк шоттарына аудару үшін Қазақстанның бүкіл аумағында олардың атаулы құны сақталатынын және қабылдауға жататынын атап өтеміз. Ол банкноталардың барлығы ҚҰБ филиалдарында, Қазпоштада және еліміздегі екінші деңгейлі банктер мен Қазақстандағы бейрезидент банктердің филиалдарында еш шектеусіз айырбасталады және ауыстырылады.
Заңды төлем құралы саналатын банкноталар мен монеталарды қабылдаудан бас тарту – Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық саналады.
2011 жылғы үлгідегі номиналы 5 000 теңгелік банкнота
2023 жылғы үлгідегі номиналы 5 000 теңгелік банкнота