Алайда бұл елдер арасында жанармай бағасы елімізде арзан
Қазақстанда такси бағасы Еуразиялық экономикалық одақтың басқа елдеріне қарағанда әлдеқайда жоғары, деп хабарлайды Halyq Uni.
Тіршілік нарқы мен сапасы туралы әлемдегі ең үлкен мәліметтер базасы саналатын Numbeo сайтының деректеріне қарағанда, елімізде таксидің стандартты тарифімен 1 шақырым жол жүру құны орташа есеппен 0,63 долларды құрайды. Бұл Ресей, Беларусь және Өзбекстан сияқты көрші елдерден шамамен екі есе қымбат.
Мәселен, Беларусьта 0,3, Ресейде 0,31, Өзбекстанда 0,3 доллардан келеді.
Ең қымбаты – Бахрейн. Онда әр шақырымына 5 доллардан асады. Одан соң Швейцария мен Люксембург елдері тұр. Оларда 4,45 және 3.64 доллардан есептеледі.
Айта кетері, экономикалық одаққа кіретін елдер арасында жанармай мен автогаз (пропан-бутан) бағасы Қазақстанда ең арзан болып саналады. Жанармай бағасы кейде басқа елдерге қарағанда екі есеге дейін төмен. Алайда ауа райының қолайсыз жағдайларында, мысалы, қар жауып немесе жаңбыр кезінде такси қызметі бағасы одан да қымбаттап кетеді.
Бұған дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің тарифті заңсыз көтергені үшін «Яндекс.Такси»-ді жауапқа тартқанын жазған едік. Тексеріс нәтижесі компанияның жүргізушілерге 10 млрд теңге төлеуіне және 1,4 млн адам үшін такси құнын төмендетуіне сеп болған.