Онда техниканың түр-түрі шығарылмақ
Алматының Әуезов ауданында суару-жуу кешендері, қоқыс таситын машиналар, жол тазалайтын машиналар және асфальтта люктерді кесуге арналған арнайы жабдықтар сынды қалаға қызмет көрсететін көпфункционалды техникалар құрастырылып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жергілікті әкімдік мәліметінше, цех жұмысымен Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында танысты.
Eurasia Special Machines (ESM) коммуналдық машиналар мен жабдықтарды құрастыру цехы қазанда іске қосылған болатын. Бұл жоба «Евразия СТ» компаниясының 3 млрд теңге инвестициясының арқасында жүзеге асырылып, 50 жұмыс орны ашылды, – деп қосты ведомство.
Жылына 30 әмбебап Pony P4 машинасы, 50 су себу кешені, 30 қоқыс таситын машина және т.б. техника өндіру жоспарланып отыр. «Алматы Тазалық» компаниясы қазірдің өзінде тротуар тазалауға арналған әмбебап машиналар мен жолдарды қысқы өңдеуге арналған жабдықтар сатып алды.
Шаһар басшысы қала көшелерін тазалауға арналған заманауи техниканың маңыздылығын атап, осы саладағы кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетінін айтты.