Ол жолаушы мен жүкті тасымалдау үшін пайдаланылады
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Алатау қаласын дамыту мәселесі жөніндегі жобалық кеңсенің екінші отырысы өтті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Вице-премьер жаңа қаланы салу кезінде тек халықаралық стандартты ғана емес, сондай-ақ өз тәжірибемізге де сүйену керегін атап өтті.
Бізде жаңа астананы салу тәжірибесі бар. Соңғы жылдары жаңа облыс орталығы Түркістан қаласы бой көтерді. Бұл тәжірибені Алатау қаласында да пайдалануға болады. Алматы облысының әкімдігіне Түркістан қаласының құрылыс тәжірибесін жан-жақты қарастыруды тапсырамын, - деді Қанат Бозымбаев.
Сондай-ақ саяжай массивінде заманауи тұрғын үй кешенін салу мәселесі қарастырылып жатыр.
Шетелдік мамандар үшін Digital Nomad Visa жеңілдетілген визалық режим мәселесі пысықталуда.
Құрылыс компаниялары мен кәсіпкерлік қызметті іске асыратын Alatay АЭА қатысушылары үшін салықтық преференцияны беру ұсынылды.
Алатау және Алматы қалалары арасында Urban Air Mobility (UAM) әуе көлігі үшін сынақ жасау ортасын және жұмыс тобын құру жоспарланып отыр. Аэромобильдер жолаушылар мен жүктерді тасымалдау үшін пайдаланылатын болады.