Қазақстан мен Ауғанстан банктері алғаш рет өзара ақша аударды
Екі тарап тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр
Қазақстандық Zaman Bank пен ауғанстандық Ghazanfar Bank банктері арасында 10 мың доллар сынақ төлемі жүргізілді. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның сөзінше, келесі кезең – еуро мен Қытай юанін қоса алғанда, үлкен көлемдегі қаражатты және түрлі валютаны сынақтан өткізу.
Тауар айналымын жуық арада 3 миллиард долларға дейін арттыру іске асып келеді, - деп жазды Жұманғарин.
Айта кетейік, 2023 жылдың 2 тамызында Астанаға Ауғанстаннан 200-ден астам адамнан тұратын делегация келген еді. Сапар барысында B2B келіссөздері, бизнес-форум, ауған тауарларының көрмесі сияқты ауқымды шаралар өтті.
Сол кезде Сауда министрлігі Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы екіжақты сауда-саттық айналымы 1 миллиард долларға жеткенін, енді екі тарап бұл көрсеткішті 3 млрд долларға дейін арттыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген болатын.
Биыл 26 сәуірде өткен Қазақстан делегациясының Ауғанстанға ресми сапары барысында да бұл мәселе сөз болды. Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумында премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин екіжақты тауар айналымын 3 млрд долларға дейін арттыру міндеті қойылғанын еске салған.
Ал 7 қазанда Үкіметте еліміздің Қытай мен Ауғанстанға бидай экспортын ұлғайтқалы отырғаны сөз болды.