Түркі мемлекеттері ұйымының мүшелері Орталық банктер кеңесін құрды
Кеңестің алғашқы отырысы елордада өтеді
Түркі мемлекеттері ұйымының мүшелері Орталық банктер кеңесін құру туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Halyq Uni.
2024 жылғы 6 қарашада Бішкек қаласында (Қырғызстан) Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) XI саммиті аясында ТМҰ-ға қатысушы елдердің Орталық банктері кеңесін құру туралы меморандумға қол қойылды, деп мәлімдеді Ұлттық банк.
Меморандумға қол қоюға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия мен Өзбекстан орталық банктерінің төрағалары қатысты, – деп қосты ведомство.
Кеңес қаржы саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту үшін Ұйым орталық банктерінің консультативті-кеңесші органы болады. Кеңес мүшелері өзара пікірлесіп, тәжірибе алмасады, ақша-кредит саясаты, қаржылық тұрақтылық, төлем жүйелерін дамыту, қаржылық технология және өзара мүдделес басқа да салалар төңірегінде бірлескен консультациялар әрі зерттеулер жүргізеді.
Кеңестің бірінші отырысын Астана халықаралық форумы аясында 2025 жылдың мамырында елордада өткізу жоспарланып отыр.