Келесі екі жылда 100 гектар аумаққа бақ салу үшін жеткілікті мөлшерде көшет өсіру жоспарланған
Үкіметте қазақстандық апорт алмасын қайта жаңғырту бағдарламасы таныстырылды, деп хабарлады Halyq Uni.
2024-2028 жылдарға арналған бағдарламаны Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық ауыл шаруашылығы ғылыми-білім беру орталығы (ҰАҒБО) әзірледі.
Апортты қайта жаңғырту бағдарламасын іске асыруға жеке инвесторлар мен мамандандырылған питомник шаруашылықтары қатысады. Бағдарламаның 4 жылы алма бақтарының толық көлемде коммерциялық өндірісін бастау үшін қажетті мөлшерде көшет өсіруді қамтиды.
Бірінші кезеңде 2024 жылы «сиверс» алмасының тұқымдары жиналады және қазақстандық апортты өсірудің ұлттық стандарттарының жобалары әзірленеді.
2025 жылы «сиверс» алма ағашының көшеттерін ҚазҒЗИЖ ҒЗИ Талғар аймақтық филиалында 10 гектар аумаққа отырғызу басталады. Ол питомник шаруашылықтары үшін аналық көшет бағы болады, - деп жазылған Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Келесі екі жылда 100 гектар аумаққа бақ салу үшін жеткілікті мөлшерде көшет өсіру жоспарланып отыр. Одан кейін жеке бақша иелері арасында апорт өндірісін кеңейту мүмкін болады.
ҚазҒЗИЖ ҒЗИ Талғар аймақтық филиалының өкілі Сағи Солтанбеков басқарма отырысында атап өткендей, апортты Қазақстанда қайта жаңғырту үшін қажетті тарихи және селекциялық база бар.
«ҚазҒЗИЖ» ЖШС ғалымдары апортты қайта жаңғырту жұмыстарын 2011 жылы бастаған. Бүгінде «сиверс» алмасының мыңнан аса түрі бар. Олардың арасынан ДНҚ талдауының нәтижесі бойынша ғалымдар «қызылқанды апорт» сортын өндіру үшін 11 түрін таңдап алды. Бұл түрлер сауықтырылып, 2015 жылы 5 гектар аумаққа көшеттер отырғызылды. Апорт сортын көбейту технологиясына патенттер алынды. 2015 жылы салынған тәжірибелік бақ 2023 жылы жеміс бере бастады. Жекелеген жемістердің салмағы 300-500 граммға жетті. Биыл біз 6 тонна «қызылқанды апорт» алдық, – деді Сағи Солтанбеков.
Ал премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин апорт алмасын қайта жаңғырту бағдарламасының жобасын бекітті. Оған қазақстандық ерекше алма сортын насихаттау да кіреді. Сонымен қатар жоғары оқу орындарының студенттеріне бағдарламаны іске асыруға атсалысу тапсырылды.