Әкімдіктегілердің жер телімін қайтарып алуына бастапқыда жасалған келісімшарттың шикілігі себеп
Қостанайда жер дауының салдарынан құны 15 млрд теңге тұратын жоба толық жүзеге аспай қалуы мүмкін. Облыс орталығынан ет комбинатын салуға барлығы 25 гектар жер берілген. Енді қала әкімдігі келісімшартты бұзып, соның 14 гектарын кері қайтарып алмақ.
Qazaqstan телеарнасының хабарлауынша, инвесторлар қала сыртынан берілген телімнің 11 гекатарын игеріп, құны 7 млрд 200 млн теңге тұратын ет өңдеу кешенін салған. Қалған 14 гектар жерге малдың қаны, сүйек, ішек-қарын тәрізді қалдықтарынан үй жануарларына арналған азық әзірлейтін зауыт салынуы тиіс еді. Алайда әкімдік бастапқы келісімді бұзған соң құрлысты бастау мүмкін болмай қалған.
Инвестор өз иелігіне өткен жерде құрылысты бастамаса да оған дайындық жұмыстарына кіріскен. Сәулет-жоспарлау құжаттарын жасап, ресейлік компаниямен құрал-жабдықтар алуға, жеткізуге келісімшартқа отырған.
«Біз өзіміздің ғана емес, облыстағы басқа да кәсіпорындардың, мың шақырым радиустағы өзге аймақтардағы комбинаттардың да қалдықтарын өңдейміз. Бұл сойылған малдың бар мүшесін қоқысқа лақтырып, ысыраптамай, кәдеге жаратуға мүмкіндік береді.
Осындай экономикалық, экологиялық маңызы зор жобаның жолында әкімшілік кедергі шығып тұрғаны қынжылтады, - дейді кәсіпорын директорының орынбасары Николай Бочанов.
Оның айтуынша, әкімдіктегілердің жер телімін қайтарып алуына бастапқыда жасалған келісімшарттың шикілігі себеп болыпты. Алғашқы 11 гектар жер инвестициялық жобаға арналған телім ретінде аукционсыз берілген. Ал кейінгі келісімшартта бұл жағы ескерілмеген.
Алайда қалалық прокуратураның бөлім басшысы Қуаныш Накитов ол телімнің кәсіпкерлерді қолдау картасына енбегенін алға тартып отыр. Яғни, инвестициялық жобаға арналғаны көрсетілмеген.
Солай бола тұра, аукционсыз беріліп тұр. Бұл – заңға қайшы, - дейді прокуратура өкілі.
Ал қала әкімдігі жер қатынастары бөлімінің маманы Диана Бикетованың айтуынша, екінші телімді де инвестициялық жобалар тізіміне енгізу үшін облыс әкімінің қаулысын өзгерту қажет. Бұл түйткілдің жалғыз шешімі осы болып тұрған көрінеді.