Halyq Uni логотип
×

Премьер-министрдің Қытайға сапары: 2,5 млрд доллардың келісіміне қол қойылды

Барлығы 8 коммерциялық келісімге қол қойылды

 Дәурен Ерболат 04.11.2024 | 12:33
Премьер-министрдің Қытайға сапары: 2,5 млрд доллардың келісіміне қол қойылды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов Қытайға жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Олжас Бектенов бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен Қазақстан-Қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Шанхай қаласында ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьер-министрі Ли Цянмен келіссөз жүргізеді, VII Қытай халықаралық импорт көрмесіне қатысады деп жоспарланған.

 Сапардың басты мақсаты – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин арасындағы екіжақты тауар айналымы көлемін 2 есе арттыру жөніндегі уағдаластықты іске асыру. Былтыр қос мемлекет 41 млрд долларға сауда-саттық жасаған.

Дөңгелек үстелге металлургия, энергетика, машина жасау және автомобиль өнеркәсібі, көмір химиясы, агроөнеркәсіп кешені, фармацевтика және басқа да салалар бойынша көшбасшы компаниялардың өкілдері қатысты.

Экономиканың басым салаларында бірлескен жобаларды дамыту перспективасы қаралды. Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық әріптестік нығайып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде Қазақстанда 5 мыңға жуық бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр.

Бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық жоғары қарқынмен дамып келеді. Жоғары деңгейде қойылған міндетке сәйкес, біз жақын арада өзара сауда көрсеткіштерімізді 2 есе арттыруға ниеттіміз. Қазақстан мен Қытайдың бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруда зор әлеует бар. Біз өзара іс-қимылдың жаңа көкжиегін ашып, ынтымақтастықтың тиімділігін бірге арттыра аламыз. Бұған қол жеткізу үшін транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны нығайту және біздің іскер топтар арасында байланыс орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізілуі қажет, - деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, Үкімет Қытай тарапымен әріптестікті кеңейтуге дайын.

Біз инвесторларға қолдау көрсетіп, бизнеске қолайлы жағдай жасаймыз және әр жобаның табысты болуына ықпал етеміз. Біздің бірлескен күш-жігеріміздің арқасында жаңа инвестициялық бастамалар экономиканың нақты секторын дамытуға, оны әртараптандыруға және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға қуатты серпін беретініне сенімдімін, — деді премьер-министр.

Үкімет басшысы өнеркәсіпті дамыту Қазақстан үшін маңызды екенін атап өтіп, Қытай компанияларын қазақстандық бизнес-қоғамдастықпен тығыз жұмыс істеуге шақырды.

Кездесу нәтижесінде жалпы құны 2,5 млрд болатын 8 коммерциялық келісімге қол қойылды.  

● «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС, Qazaqgaz Aimaq АҚ және Goldcard Smart Group Co., Ltd арасындағы 8 млн доллар сомасына зияткерлік жүйелерді енгізу саласындағы ынтымақтастық туралы келісім. Жоба Алматы қаласындағы «Алатау» ИТП АЭА аумағында компоненттердің локализациясын ескеріп, GoldCard компаниясы жеткізетін құрамдас бөлшектерден газ есептегіштерін шағын торапты құрастыруды көздейді;

● Qarmet АҚ мен Zhengzhou Coal Mining Machinery Grouop арасындағы көмір өнеркәсібіне арналған жабдықтар өндіру саласындағы Qarmet АҚ көмір департаментінің шахталары үшін   70 млн доллар сомасына механикаландырылған кешен сатып алу туралы келісім;

● Ұлттық экономика министрлігі, Қытайдың Silk Road Fund Co.Ltd. және Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF) Management Company Ltd. мемлекеттік инвестициялық қоры арасында құны 552 млн доллар болатын инвестициялық ынтымақтастық негізін белгілеу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

● Qarmet АҚ мен Xinxing Ductile Iron Pipes Co.,LTD арасындағы 161 млн доллар сомасына Қазақстан қуаты жылына 200 мың тонна сфералық графиті бар беріктігі жоғары шойыннан жасалған құбырлар шығаратын зауыт салу туралы келісім. Өнім Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық жүйесінің нысандарын салу, жаңғырту, реконструкциялау, кеңейту және жаңарту жөніндегі жобаларға арналған;

● Qarmet АҚ мен China Metallurgical Group Corporation арасындағы 1 млрд доллар сомасына тау-кен және металлургия салаларында ұзақ мерзімді және кешенді ынтымақтастық орнату туралы келісім; 

● Qarmet АҚ мен ACRE Coking & Refractory Engineering Consulting Corporation арасындағы 649 млн доллар сомасына кокс-химия өндірісін жаңғырту және көмір химиясын дамыту жөніндегі стратегиялық жобаны іске асыру туралы келісім; 

● Qarmet АҚ мен Nanjing Fiberglass Research & Design арасындағы 30 млн доллар сомасына Теміртау қаласында қуаты жылына 100 мың тонна дайын өнім болатын домна қождарынан минералды жылытқыштар өндіретін фабрика салу және 200 жаңа жұмыс орнын ашу туралы келісім;

● Saran Machinery ЖШС мен Sinotruk International арасындағы 70 млн доллар сомасына KD дистрибуция және құрастыру саласындағы, технологияны лицензиялау және тауар белгілерін пайдалану бойынша ынтымақтастық туралы келісімдер пакеті. Олардың ішінде Саран қаласында жүк және арнайы техника өндіру жөніндегі жобаны іске асыру туралы меморандум бар. Оның шеңберінде перспективада 1 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. 

Сондай-ақ Олжас Бектенов Шанхай қаласындағы Роботтар алқабында болып, денсаулық сақтау, өнеркәсіп және қызмет көрсету салаларындағы Қытай робототехника индустриясының соңғы жетістіктерімен танысты.

Қазір аталған ғылыми-технологиялық орталықта 80-нен аса қытайлық және шетелдік робототехника кәсіпорындары жұмыс істейді.

Премьер-министр Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне Роботтар алқабының тәжірибесін зерделеу және оны одан әрі елімізде қолдану үшін Қытай тарапымен ынтымақтастықты жолға қоюды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама