Оңтүстік Корея компаниясы БҚО-ға 81 млрд теңге инвестиция салады

Қымбат Елтайқызы

Бұл қаржыға 4 жоба жүзеге асады

фото: БҚО әкімдігі

Оңтүстік Корея компаниясы Батыс Қазақстан облысына 81 млрд теңгеден астам инвестиция салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Астанада ағымдағы мәселелерді талқылау және перспективалы инвестициялық стратегияларды қалыптастыру үшін мемлекеттік органдар мен халықаралық инвестициялық қоғамдастықтың басын қосатын жыл сайынғы ең маңызды оқиғалардың бірі – KGIR-2024 жаһандық инвестиция бойынша қазақстандық дөңгелек үстел өтті, деп мәлімдеді БҚО әкімдігі.

Дөңгелек үстел ҚР премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өтті. Оған мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, облыстар мен қалалардың әкімдері, трансұлттық корпорациялардың басшылары, ірі инвесторлар, сарапшылар, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар мен бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері қатысты. Бұл іс-шараның басты тақырыбы жаһандық инвестициялық үрдістерді талқылау және әлемдік нарықтардың болашағын болжау болды.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев инвестиция тарту және бизнеске қолайлы жағдай жасау Мемлекет басшысы айқындаған негізгі басымдықтар болып қала беретінін айтты. Ол бүгінгі дөңгелек үстел әлеуетті инвесторлармен өзара әрекеттесу және өңірлердің инвестициялық әлеуетін көрсету үшін бірегей мүмкіндік беретінін атап өтті.

Батыс Қазақстан облысында біз инвесторлар үшін барлық қажетті жағдайды жасадық: қолайлы климат, дамыған инфрақұрылым мен қуатты өнеркәсіптік және логистикалық әлеует. Өңірде жоғары технологиялық өндірістер ашылды. Бұл одан әрі өсу үшін нақты экономикалық әлеует пен тұрақтылықты көрсетеді, - деді Төреғалиев.

Оның айтуынша, соңғы үш жылда облыстың негізгі капиталына құйылған инвестиция көлемі 1,6 трлн теңгені құрады. Оның ішінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша 645,6 млрд теңге, бұл алдыңғы көрсеткіштерден 16,4 пайызға жоғары.

KGIR-2024 аясындағы маңызды оқиға БҚО әкімдігі мен оңтүстіккореялық Hyundai Solar KZ 777 компаниясы арасында меморандумға қол қою болды. Компания төрт жобаны жүзеге асыруға 81,4 млрд теңге инвестициялауды көздеп отыр. Бұл 120 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жоспарланған жобалар қатарында қалдықтарды өңдеу және өртеу кешені, жылыжай кешені, сондай-ақ күн панельдерінен электр қуатын өндіретін станса құрылысы бар. Бұл бастамаларды іске асыру мерзімі 2024-2026 жылдарға жоспарланған.