Шетелдік компаниялар Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға атсалысады

Динара Амантай

Премьер-министр инвесторлармен ҚТЖ-мен әріптестік мәселелерін талқылады

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Шетелдік компаниялар Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға атсалысады. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов пен америкалық және франциялық Alstom және Wabtec компанияларының басшыларымен кездесу барысында белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия өңірлері бойынша Alstom француз компаниясының президенті Эндрю Делеонимен өндірісті одан әрі локализациялау және жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу жоспарлары талқыланды.

Ақпаратқа сәйкес, Француз компаниясы 450-ден астам жаңа жұмыс орындарын аша отырып, электровозға техникалық қызмет көрсететін төрт орталықтың құрылысын бастады. Жобаның жалпы құны – 50 млн еуро. Шу қаласында алғашқы сервистік орталықтың ашылуы 2025 жылға жоспарланған.

Alstom басшысы Эндрю Делеони Қазақстанның инвестициялық саясатын қолдайтынын мәлімдеп, елімізде бизнес үшін жасалып жатқан жағдайлар өндірістік қуатты кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанда индустриялық және көліктік-логистикалық әлеуетін дамытуға бағытталған ынтымақтастықты кеңейту келешегіне назар аударылды, оның ішінде ҚТЖ-мен әріптестік мәселелері талқыланды.

Wabtec америкалық компаниясының президенті Рафаэль Сантанамен кездесу барысында теміржол саласына «жасыл» технологияларды енгізу мәселелері қаралды. Компания Қазақстанның ұзақмерзімді инвестициялық серіктесі саналады әрі елімізде локомотивтер өндірісін локализациялауды дамытып жатыр.

Локомотив құрастыру зауыты – Орталық Азиядағы теміржол машинасын жасау саласындағы көшбасшы. Зауыт ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етіп қана қоймай, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Моңғолия және басқа да елдерге экспортталатын жүк, жолаушылар және маневрлік локомотивтер шығарады. Зауытта 800-ден астам жұмыс орны ашылды. Қызметкерлер АҚШ-та өндірістен қол үзбей оқытылады, содан кейін аймақтық және жаһандық жобаларға қатысады. Биылғы маусымда Астанада жаңа инженерлік орталық ашылды, онда баламалы энергия көздерінде «жасыл» локомотивтер өндіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Жалпы, компания 2027 жылдан бастап келесі 10 жыл ішінде баламалы отын түрлерін қолдана отырып, жаңа өнімдерді дамытуға шамамен 200 млн доллар инвестиция салуға ниетті.

Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесі отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстанның негізгі Еуразиялық транзиттік хаб ретінде елдік позицияларды нығайтуға бағытталғанын атап көрсетті. Біздің елімізде көлік-логистикалық секторды дамытуға, инфрақұрылымды жаңартуға және машина жасауды локализациялауға ерекше назар аударылады. Біз өндірісті локализациялауға бағытталған бизнес бастамаларын жоғары бағалаймыз және осындай компанияларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Мұндай жобаларды іске асыру Қазақстанға локомотивтерді өндіру және жаңғырту хабына айналуға және жеткізушілердің жаһандық тізбегіне енуге мүмкіндік береді, – деді Олжас Бектенов.