Halyq Uni логотип
×

Қазақстанның полимер нарығында импортқа тәуелділігі азайып келеді

Атыраудағы газ-химия кешені сұранысты толық қамтып отыр

 Халық үні 31.10.2024 | 16:28
Қазақстанның полимер нарығында импортқа тәуелділігі азайып келеді
Фото: kmg.kz

Кейінгі жылдары Қазақстан өнеркәсіптік тәуелсіздікті нығайтуға және өңдеу саласын дамытуға ерекше назар аударып келеді. Бұл стратегия президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында да атап өтілген. Экономиканы әртараптандыру, әсіресе мұнай-газ химия саласын дамыту арқылы импортқа тәуелділікті азайту және отандық өндірісті кеңейту еліміздің басты міндеттерінің бірі.

Осы саясат аясында 2022 жылдың соңында іске қосылған Атыраудағы газ-химия кешені айтарлықтай маңызды жобаға айналды. «ҚазМұнайГаз» бен СИБУР компанияларының бірлескен кәсіпорны саналатын бұл кешен Қазақстанның полипропилен нарығындағы жағдайды елеулі түрде өзгертті. Бұрын полипропиленге сұраныстың 95%-ы импорт арқылы қанағаттандырылатын болса, қазір ішкі өндіріс сұранысты толығымен қамти алады.

Кешеннің жылдық өндірістік қуаттылығы 500 мың тоннаны құрайды, бұл Қазақстанның полипропиленге деген жылдық сұранысынан айтарлықтай асып түседі. Соның арқасында 2024 жылдың соңына қарай импорттың үлесі 17%-ға дейін қысқарып, ішкі нарықтың 50%-дан астамы отандық өніммен қамтамасыз етілді.

Өндіріс көлемімен қатар, кешен полипропилен өнімдерінің түрлерін көбейтті. Бұрын елде қолжетімсіз болған бес жаңа марка шығарылып, жалпы саны сегізге жетті. Бұл өзгеріс елдің әртүрлі өнеркәсіп салаларының сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік беріп, импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал етіп отыр.

Жаңа технологиялар мен инновациялық жабдықтар пайдаланылған кешен Қазақстанның мұнай-газ химия секторында жаңа стандарттар орнатып, ішкі нарықтың тұрақты дамуына септігін тигізіп келеді. Кешен қызметкерлері халықаралық серіктестерден арнайы дайындықтан өтіп, осындай технологиялық шешімдерді тиімді пайдалану мүмкіндігін алды.

Бұл секілді стратегиялық жобалар Қазақстанның экономикалық дамуын одан әрі қолдап, өнеркәсіптік сектордағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға негіз болары сөзсіз. Әртараптандыру саясатының шеңберінде мұндай жобалар елдің ұзақ мерзімді дамуына айтарлықтай серпін береді және жаңа жұмыс орындарын ашуға, технологиялық жетістіктерге жол ашады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама