Бұл салада 190 мыңға жуық маман жұмыс істейді
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанда IT-мамандардың орташа жалақысы қанша теңге екенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, 2023 жылы Қазақстанның IT-саласы қарқынды дамыған. Салада жұмыс істегісі келетіндердің саны да көп.
IT-компаниялардың саны 17 922-ге жетті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 11%-ға көп. Бұл секторға деген қызығушылықтың артқанын және оның белсенді дамып жатқанын көрсетеді. IT-мамандардың орташа айлық жалақысы – шамамен 600 мың теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға артық, - деді Жаслан Мәдиев Мәжілістің жалпы отырысында.
Министрдің пікірінше, бұл білікті кадрларға сұраныс жоғары екенін көрсетеді.
IT-салада жұмыспен қамту 12%-ға артып, 187 мың адамға жетті. Жұмыспен қамтылғандар санының өсуі саланың дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады, - деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін депутат Айдарбек Қожаназаров қазақстандықтардың орташа жалақысы 150 мың теңгеден аспайтынын айтты.