Вице-премьер азық-түлік бағасына дизель отыны құны әсер ететінін айтты
Қазақстанда бензин бағасы қымбаттаса да, ол азық-түлікке әсер етпейді. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Инфляция көрсеткіші бойынша азық-түлік тауарлары бағасынан Қазақстан 2-орында тұр. Жыл басынан бергі өсім Армения мен Қазақстанда – 2,9%. Басқа тауарлар мен қызметтердің бағасы өсті. Сондықтан біз осы сенбіде үкіметаралық үлкен кеңес өткізіп, қазір қандай факторлар инфляцияға әсер ететінін қараймыз. Себебі биыл инфляция 8%-дан аспауы керек. Бізге осындай тапсырма берілген, - деді Серік Жұманғарин Мәжіліс кулуарында.
Вице-премьер бензин бағасының өсімі азық-түлікке әсерін тигізбейтінін атап өтті.
Бізде бензин бағасы өседі деген ақпарат жоқ. Бірақ өз тәжірибеме сүйеніп айтайын. Бензин бағасы азық-түлікке көп әсер етпейді. Себебі, азық-түлікті тасымалдағанда оның бағасына дизель отыны әсер етеді. Дизель отыны өссе, ол өз әсерін береді. Сондықтан сізге бензин бағасына қатысты нақты айта алмаймын. Бірақ дизель отынының әсері де көп емес, - деді үкімет басшысының орынбасары.
Бұған дейін Серік Жұманғарин доллардың қымбаттауы еліміздегі азық-түлік бағасына әсер етпейтінін айтты.