Қаржымен байланысты тағы бірнеше қылмыс тіркелді
Аудиторлар Маңғыстау және Түркістан облыстарында қарыз қаражатын пайдалануда жол берілген заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Тексеру комиссиялары Маңғыстау мен Түркістан облыстарында бюджеттік кредиттер және халықаралық қаржы ұйымдарының қарыз ақшасын тиімсіз әрі мақсатсыз пайдалану фактілерін анықтады, деп мәлімдеді Жоғары аудиторлық палата.
Өңірлерде мемлекеттік борышты әрі квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің борышын басқару аудиттері Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша жүргізілді, – деп қосты ведомство.
Қарыз қаражатын тартылған инфрақұрылымдық объектілерді, тұрғын үйлерді салу мен жаңғыртуда нәтиженің болмауы фактілері анықталды. Жекелеген жағдайларда тартылған қарыздар салым бойынша пайыздар түрінде қосымша кіріс алу үшін депозиттерге салынған, бұл ақшаны мақсатқа сай пайдаланбауға әкеп соқты. Аудит нәтижелері бойынша, осы өңірлерде қарыз қаржысын пайдалану тиімділігіне, сондай-ақ кредиттік міндеттемелерді уақытылы өтеуге жеткілікті бақылау жасалмағаны атап өтілді.
Аудиторлар Маңғыстау облысында 5,5 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 869 млн теңгеге сыртқы қарызды тиімсіз жоспарлау және пайдалану, 6,7 млрд теңгеге бюджеттік кредитті тиімсіз пайдалану фактілерін анықтады. Өңірде 2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 3,3 млн теңге айыппұл салынды. Түркістан облысында аудит қорытындысы бойынша 10,5 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 4,8 млрд теңгеге бюджет қаражаты әрі активтерді тиімсіз пайдалану анықталды. Аудитпен қамтылған барлық объектіге анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін нұсқамалар жіберілді.