Премьер-министр экономикалық патриотизм басты қағидатқа айналу керегін айтты
Бүгін Үкімет отырысында машина жасау саласының даму барысы талқыланды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда машина жасау өнімдерінің нарығы 31,6 млрд долларға бағаланады. Оның шамамен 16%-ы отандық өндірістің үлесіне тиесілі. Бүгінде Қазақстан аккумуляторлар, трансформаторлар, кабелдер, локомотивтер, автомобилдер мен автобустар экспорттайды.
Премьер-министр ЕАЭО нарығында қазақстандық өнімнің үлесін арттыру қажеттігін атап өтті.
Олжас Бектенов экономикалық патриотизм басты қағидатқа айналуға тиіс екенін баса айтты. Біз қазақстандық өнімдерді сатып алып, сыртқы нарықтарда белсенді түрде дәріптеуіміз қажет. Өз кезегінде, отандық өндірушілер ішкі қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін де, экспортқа да қажетті көлемде тауар өндіруді қамтамасыз етуге дайын.
Біздің алдымызда локализациялау үлесі жоғары өндіріс циклін құру міндеті тұр. Бұл ретте, жұмыс тиімділігін арттыру үшін өндірісті дер кезінде жаңғыртып отыру маңызды, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар, премьер-министр заманауи цифрлық және өнеркәсіптік технологияларды енгізудің, өндірістік процестерді роботтандыру мен автоматтандырудың маңыздылығын атап өтті.