Қазақстандық ет Катарға экспортталады
Ет өнімдері де жөнелтілмек
Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері Катар мемлекетіне ет пен ет өнімдерін экспорттайды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Жамбыл облысының Дохаға делегациясының сапары барысында мұндай келісімге қол жеткізілді. Сапар экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту және халықаралық байланыстарды нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
Жұмыс бағдарламасы аясында Қазақстанның Катардағы елшілігінде «Меркен ет комбинаты» ЖШС мен Al Dayat For Trading компаниясы арасында 200 тонна ет және ет өнімдерін экспорттау туралы келісімге қол қойылды.
Біз өңіріміздің жоғары сапалы өнімдері Катар нарығында үлкен сұранысқа ие болады деген сенімдіміз, – деді Жамбыл облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек.
Сонымен қатар, жамбылдық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер: «Сарыбас» ЖШС, «Сәуле» кондитер фабрикасы, «Тараз халва» ЖШС, KazirAgro ЖШС, «БСК» ЖШС, «Ақмол» ЖШС өнімдеріне компаниялар тарапынан үлкен қызығушылық танытылды.