Қазақстан мен БАӘ ақшаны жылыстатумен күресте ынтымақтастықты нығайтады

Қымбат Елтайқызы

Сонымен қатар, терроризмді қаржыландырумен күресті қолға алмақ

фото: Halyq Uni

Қазақстан мен БАӘ ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландырумен күресте ынтымақтастықты нығайтып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қаржылық мониторинг агенттігінде Хамид Әл Зааби бастаған БАӘ кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі атқарушы офис делегациясының сапары басталды, деп мәлімдеді ҚМА.

Кездесу барысында тараптар қылмыстық кірістерді жылыстатуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықтың мәселелерін талқылады. Кездесуге қатысушылар ұлттық тәуекелдерді бағалау процестерін цифрландыру және виртуалды активтерді заңсыз пайдалануды анықтау әдістері туралы пікір алмасты, – деп қосты ведомство.

Сондай-ақ, тараптар есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, кәсіби қаржы жылыстатушылар және заңсыз шығарылған капиталды қайтару мәселелерін талқылады. БАӘ әріптестермен қылмыстық кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі сертификатталған мамандар қауымдастығында (ACAMS) Қазақстанның «жыластатуға қарсы іс-қимыл» жүйесіне қатысушылардың кәсіби деңгейін арттыруға жәрдемдесу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Тараптар ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтіп, оны одан әрі дамытуға ұмтылыстарын білдірді.

Өткен жылдың маусымында Қазақстан өзара бағалаудың екінші кезеңінен сәтті өтіп, стандартты мониторингке шыққан болатын, – делінген ақпаратта.

Биыл ҚМА цифрлық активтердің тәуекелдері мәселелері бойынша FATF байланыс тобына кірді. Бұл Қазақстанға өз тәжірибесіне сүйене отырып, криптовалюталарды пайдаланумен құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимылдың тиімді шешімдерін ұсынуға мүмкіндік берді. 

Қаржылық мониторинг агенттігі жаһандық «жылстатуға қарсы» қоғамдастықтың жауапты қатысушысы ретінде Қазақстанның имиджін нығайту жөніндегі жұмысты жалғастырып жатыр.