Соңғы шешім келесі жылы қабылданады
Биыл 22-25 қазан аралығында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастаған делегация Корея Республикасына ресми сапармен барды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ведомство басшысы Оңтүстік Корея компанияларының өкілдерімен және мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен бірқатар кездесу өткізді.
Корея Республикасы Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі Ан Док Кынпен кездесуде атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Онда Оңтүстік Корея тарапы АЭС салу бойынша референдумның сәтті өтуімен құттықтады.
Сондай-ақ олар оңтүстіккореялық компаниялар Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша консультация өткізу үшін қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті, - деп жазылған Энергетика министрлігі таратқан хабарламада.
Сонымен қатар Алмасадам Сәтқалиев Doosan Enterbility, Korea Hydro&Nuclear Power (KHNP), Korea Electric Power Corporation (KEPCO), Korea National Oil Corporation (KNOC), Samsung C&T сияқты ірі корей компанияларының өкілдерімен келіссөз жүргізді.
Энергетика министрі корей компанияларының өкілдерімен АЭС құрылысы бойынша пікір алмасып, халықаралық консорциумға қатысуы туралы әңгімелесті.
Алмасадам Сәтқалиев бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім 2025 жылы қабылданатынын айтты.