Доллар көтерілгені азық-түлік бағасына әсер ете ме?
Жұманғарин елімізде өспейтін цитрус жемістерінің бағасы төмендеуі мүмкін екенін айтты
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин доллардың қымбаттауы еліміздегі азық-түлік бағасына әсер етпейтінін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Біз әлеуметтік маңызы бар тауардың 10 түрі бойынша (ұн, тұз, күріш, макарон, май, картоп, қой еті, сиыр еті, сәбіз) өзімізді 100% қамтамасыз етіп отырмыз. 14 тауар бойынша қамтамасыз ету көрсеткіші – 80%, 5 тауар бойынша импортқа тәуелділік бар. Құс етімен қамтамасыз ету көрсеткіші – 73%, шұжық (колбаса) – 60%, балық – 60%, ірімшік пен сүзбе – 46%, қант – 44%.
Қазақстанда өндірілмейтін көкөністер мен жемістердің кейбір түрлері мысалы, апельсин, банан, лимон және тағы басқасы бойынша тәуекелдер бар. Олар қымбаттауы мүмкін. Бірақ айтарлықтай емес. Біз мониторинг жүргізіп жатырмыз. Соңғы аптада ештеңе қымбаттаған жоқ», - деді Серік Жұманғарин Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, дүкендердегі баға бақылауда. Алдағы уақытта елімізде өспейтін цитрус жемістерінің бағасы төмендеуі мүмкін.
«Бізде өспейтін апельсин, лимон және тағы басқа цитрус жемістеріне тоқталайын. Қазір Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) алаңында осы өнім түрлеріне кедендік әкелу бажын төмендету мәселесін қарастырып жатыр.
Елімізде жылыжай салатын кәсіпорындар бар. Жоғарыдағы жағдай олардың қызметіне қалай әсер ететінін, нарықта қысым болмайтынын қарастырамыз. Жақында біз шешімді қабылдаймыз. Егер біз кәсіпкерлерімізге қауіп төндірмейтінімізге көзіміз жетсе, онда баж көлемін азайтамыз. Менің ойымша, бұл валюта бағамының әсерін жояды», - деді вице-премьер.