Министр Ресейдің Қазақстаннан көкөніс кіргізуге тыйым салғанына қатысты пікір білдірді

Дәурен Ерболат

Сапаров Ресей тарапымен мәселе талқыланып жатқанын айтты

Фото: pixabay.com

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ресей Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін кіргізуге тыйым салу мәселесіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Үкіметтің баспасөз орталығында министрге «17 қазанда Ресей Қазақстаннан жеткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдері оның ішінде көкөністерді жеткізуге уақытша тыйым салды. Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, жыл басынан бері Россельхознадзор Қазақстаннан келетін өнімдер карантин жарияланған аумақтан жеткізілгенін анықтапты. Олар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен тиісті шара қабылдауды сұраған. Алайда аталған салаға жауапты министр тиісті шараны қабылдамапты. Мәселеге түсінік бере аласыз ба?» деген сұрақ қойды.

Айдарбек Сапаров мәселе пысықталып жатқанын жеткізді.

Мұндай жағдай болған жоқ. Олармен жұмыс істеп жатырмыз. Карантин объектілері анықталды. Он шақты компанияда сіз айтқандай жағдай болды. Серік Жұманғарин (премьер-министрдің орынбасары) кездесу өткізді. Осыдан кейін вице-премьердің тапсырмасы бойынша Ресейдің ауыл шаруашылығы министрі Николай Патрушевпен сөйлестім. Қазір олар мәселені қарастырып жатыр. Бүгін кешке онымен қайта сөйлесіп, жауабын аламын. Жақын күнде мәселе шешіледі, - деп сендірді министр.