Қазақстан Бразилия мен Индонезияға бидай экспорттауға ниетті

Дәурен Ерболат

Бүгінде отандық өнімді негізінен Орталық Азия елдері сатып алады

Фото: Halyq Uni

Еліміз Бразилия мен Индонезияға бидай экспорттауға ниетті. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Министр орынбасарының айтуынша, биыл Қазақстан 12 млн тонна астық дақылын шетелге сатуға әлеуеті бар.

Оның ішінде 7-7,5 млн тонна бидай, 1,3-1,4 млн тонна арпа, 300 мың тонна жүгері. Сондай-ақ майлы дақылдар бойынша әлеует 1 млн тоннадан асады. Орталық Азия мен Ауғанстанға 4,2 млн тонна бидай жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Қытайға жалпы астық экспорты 2023 жылы 1,43 млн тонна болып, өткен жылмен салыстырғанда 5,5 есе өскен. Оның ішінде бидайдың үлесі – 538,8 мың тонна, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 15 есе артық. Бұл Қытайға экспорт көлемін 1,6 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Дегенмен, Қытай шекарасындағы кідіріс пен лицензиялау шарттары әлі де шешуді талап етеді, - деді Қайрат Төребаев Үкімет отырысында.

Вице-министр жаһандық сұраныстың артуы және өнімділіктің төмендеуіне байланысты Италия, Латвия, Испания сияқты Еуропалық Одақ елдері маңызды нарық екенін атап өтті.

Сондай-ақ еліміз жаңа нарыққа бидай экспорттауға ниетті. 

Қазақстан үшін бидайды Ресей арқылы транзиттеу және Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТМТМ) бойынша шығындарды азайту өзекті. Түркия мен Таяу Шығысқа шамамен 1 млн тонна бидай экспорттауға мүмкіндігіміз бар. Иранға арпа жеткізуді қалпына келтіру маңызды, сауда және логистика мәселелері шешіліп жатыр. Пәкістан, Индонезия, Бразилия және Малайзия нарығында қазақстандық бидай брендін ілгерілету жұмысы жандандырылады, – деді министр орынбасары.