Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 422 млн долларға жетті
Самарқанд қаласындағы «Өзбекстан-Қазақстан» IV өңіраралық форумының қорытындысы бойынша Түркістан облысының кәсіпкерлері бірқатар коммерциялық келісімдер жасады. Бұл туралы аймақ әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның айтуынша, Өзбекстан Республикасы мен Түркістан облысы арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді.
Өткен жылы ғана тауар айналымы 422 млн долларға жетті, оның ішінде 253 млн доллары – Өзбекстанға біздің тауар экспортымыз. Қазақстан негізінен ет, бидай, ұн, майлы дақылдар мен картопты экспорттайды. Өзбекстаннан бізге бақша және көкөніс дақылдары келеді. Біз 14 құжатқа қол қойдық, оның жалпы сомасы 68 млн доллар болатын алты жобасы коммерциялық болып саналады. Біз бұдан әрі сауда қатынастарын дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашатын бірлескен кәсіпорындар құратын боламыз. Бүгінде алты жобаға қол қойылды, олар бізге 500 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, — деді Нұралхан Көшеров.