Алматыға қай елдерден туристер жиі келеді?

Дәурен Ерболат

Жыл басынан бері туризмнен шамамен 63 млрд теңге салық түскен

Фото: Shutterstock

Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсеитова биыл шаһарға қанша турист келгенін, шетелдік қонақтар қай елден жиі саяхаттайтынын және туризмді дамыту бойынша қандай жұмыс істеліп жатқанын, саладан қанша салық түскенін Halyq Uni тілшісіне айтып берді.

2024 жылдың алғашқы жарты жылдығының қорытындысы бойынша қалаға 1 млн-нан аса адам келді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артық. Шетелдік туристер саны 15,6%-ға көтеріліп, 302,3 мың адамға жетті (2023 жылғы бірінші тоқсандағы көрсеткіш – 261,5 мың адам). Ішкі туристердің саны – 768 мың адам. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға көп (2023 жылғы бірінші тоқсан – 710,5 мың адам). Жылдың соңына дейін Алматыға шамамен тағы 600 мың турист келеді деген болжам бар. 2023 жылы жалпы қалаға 2 млн 38,4 мың турист келген, бір жылдағы өсім – 12,6%, - деді Ғалия Тоқсеитова.

Сондай-ақ басқарма басшысы Алматыға қай елден туристер жиі келетініне тоқталды.

Қалаға әлемнің көптеген елінен турист келеді. Биылғы алғашқы жартыжылдықтың деректеріне тоқталайын. Статистикадан Алматыға Ресей (76 мың адам), Үндістан (48 мың адам), Қытай (40 мың адам), Түркия (17 мың адам), АҚШ-тан (11 мың адам) туристердің жиі келгенін көруге болады.

Америка Құрама Штаттарының үздік бестікке енуі осы елдің азаматтары Қазақстанға белсенді түрі қызығушылық танытып жатқанын көрсетеді. Америкалық туристер қаламызды табиғи және мәдени ерекшеліктері, сондай-ақ қонақжайлылығы мен қызмет көрсету деңгейі жоғары болғаны үшін бағалайды», - деді ол.

Сондай-ақ Ғалия Тоқсеитова туристер қаладағы қандай нысандарға көп баратынын айтты:

  • 1-орында Шымбұлақ тау-шаңғы курорты тұр. Биыл алғашқы жарты жылдықта бұл жерге 688 845 адам барған. Нысан қысқы туризмнің орталығы саналады. 6 қазанда жыл сайынғы SKI BUSINESS AWARDS марапаттау рәсімінде Шымбұлақ «ТМД елдері арасында ең үздік тау-шаңғы курорты» аталымында, сондай-ақ «Таулы аймақтағы ең үздік глэмпинг/кемпинг» аталымында жеңімпаз атанды.
  • 2-орында «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – 357 785 адам. Парктегі табиғи маршруттар, мұздықтар мен ондағы бай флора мен фауна белсенді демалысты сүйетіндер мен табиғатта тыныққысы келетіндер үшін ең тартымды орындардың бірі саналады.
  • 3-орынға «Көк Төбе» телемұнарасы тұрақтады. Ол Іле Алатауының бөктеріндегі көрікті жерде орналасқан және қала тұрғындары мен туристер арасында танымал. Жыл басынан бері мұнда 279 278 адам барған.

Оның айтуынша, Алматыдағы туризм секторы тұрақты өсімді көрсетіп жатыр. Биыл 8 айда туризмнен 62,5 млрд теңге көлемінде салықтық түсімдер түскен. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,4%-ға көп, былтырғы көрсеткіш – 44,7 млрд теңге.

Сондай-ақ басшы өңірде туризмді дамыту бойынша қандай жобалар іске асырылып жатқанын жеткізді.

Алматыдағы туристік қызметтің дамуы қонақтарға қолайлы жағдай жасаумен тікелей байланысты. 2027 жылға қарай қалада (қонақ үйлердегі бөлмелер қорын) 1,5 есе арттыру жоспарланып отыр. Бұл өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Бүгінде Алматыда 365 қонақүй мен хостел, сондай-ақ 5 мыңнан аса кафе мен мейрамхана жұмыс істейді. 2023 жылы Qazaq Auyl экологиялық қонақүйі, Grand Mildom, Medeu camp және Dami hotel сынды маңызды нысандар ашылды. Бұл қызмет көрсету аясын кеңейтті, - деді Ғалия Тоқсеитова.

Оның айтуынша, бүгінде Medeu Park Hotel ірі қонақ үйі кешені салынып жатыр. Онда 90 қонақ бөлме, конференц-залдар, СПА және бассейндер болады.

Сондай-ақ биыл Park Dedeman Almaty, Aykun Almaty» қонақ үйлерінің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде қонақ үйлердегі бөлмелер қоры 140 орынға өседі.

2027 жылға қарай 28 қонақ үй (жалпы 3 930 қонақ бөлме) салынып, пайдалануға беріледі. Бұл туристерге көрсетілетін қызметтің сапасын арттырып, оларға жайлылық сыйлайды деп үміттенеміз, - деді басшы.

Сонымен қатар таулы аймақтағы инфрақұрылым да дамытылады.

«Бүгін 1 мың шақырымнан астам таулы жаяу маршрут цифрландырылды. Оның ішінде 650 шақырымнан астам жол абаттандырылды, 10 кемпинг аймағы ашылды. Барлық цифрландырылған маршрут 2Gis және View Ranger платформаларында қолжетімді. Туристер маршруттың күрделілігі, ұзындығы мен өту уақыты туралы ақпаратты жолда орналасқан стендтегі QR-код арқылы ала алады.

2023 жылғы қыркүйекте Алматы қаласы Туризм басқармасы «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде ұзындығы 100 шақырым болатын 12 таулы маршрутта абаттандыру жүргізіп, 3 кемпинг аймағын пайдалануға берді. Биыл 100 шақырым болатын сүрлеу жол абаттандыру, жалпы 3 кемпинг аймағын ашу жоспарланып отыр», - деді Ғалия Тоқсеитова.