Үкіметте экономиканы әртараптандыру бойынша кеңес өтті

Дәурен Ерболат

Ірі кәсіпорындар ШОБ-пен тығыз байланыс орнатуы керек

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов экспортқа бағытталған бизнеске мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жиынға жекелеген министрлер мен облыс әкімдері, «Бәйтерек» ҰБХ, «Қазақстан даму банкі» АҚ, «Атамекен» ҰКП басшылығы, сондай-ақ кәсіпкерлер қатысты.

Негізгі мақсат – президенттің экономиканы әртараптандыру және өсімнің жаңа мүмкіндігін қарастыру жөніндегі тапсырмаларды іске асыру.

Үкіметте өткен отырыста «Бәйтерек» холдингінің экономиканың түрлі салаларында пилоттық жобаларды іске асырудағы жаңа тәсілдері қарастырылды. Бұл – инвестициялық жобаларды қарау талаптарын жеңілдету және біріздендіру, сондай-ақ өтінім бергеннен бастап, жобалық қуатқа шыққанға дейін бизнес бастамаларға қолдау көрсету.

Бірінші кезеңде тамақ өнімдерін өндіру, тереңдете өңделген металлургия өнімдері және басқа да жобалар қарастырылды.

«Бәйтерек» холдингі енгізген бірыңғай және жеңілдетілген өтінімдерді қарау регламенті бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың ашықтығын әрі тиімділігін арттырады, сондай-ақ ішкі нарықта отандық өнімнің өсу қарқынын арттырып, экспорт мүмкіндігін кеңейтеді.

Премьер-министр бизнеске көрсетілетін қолдау шараларының тиімділігін арттыру үшін әкімшілік шығындарды азайту керегін атап өтті.

Мемлекеттік органдар мен даму институттары бизнеспен барынша қолайлы жағдайда жұмыс істеп, елімізге қажет экспортқа бағытталған өндірістерді дамытуға дайын кәсіпкерлерді белсенді іздеуі керек, - деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы ірі кәсіпорындардың шағын және орта бизнеспен тығыз жұмыс істеуінің маңызы ерекше екенін жеткізді.

Отандық өндірушілердің тауарлары, қызметтері мен жұмыстарын сатып алу бойынша оффтейк-келісімдер жасау қажеті айтылды. Осылайша, қолдау шаралары тек белгілі бір кәсіпкерлерге емес, жалпы қазақстандық өндірісті дамытуға оң әсер етуге тиіс.