Олардың саны 64%-ға көбейген
Қазақстан мен Қытай туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Еліміз Бейжіңдегі (Қытай) халықаралық COTTM (China Outbound Travel & Tourism) туристік көрмесіне қатысып жатыр. Көрмедегі Қазақстан стенді Туризм және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Kazakh Tourism ҰК АҚ және Алматы облысы Туризм басқармасы еліміздің ҚХР-дағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Ұлттық стендте Қазақстанның туризм әлеуетін 21 туристік сала өкілі таныстырады. Олардың қатарында 12 туроператор, 7 қонақ үй және демалыс орындары бар. Еліміз әлеуеті зор туристік бағыт ретінде халықаралық танымалдылыққа ие болып келеді. Қазақстанның туристік мүмкіндіктері China Media Group, Dragon Trail және басқа да жетекші халықаралық платформаларда жаһандық аудиторияның назарын аударып жатыр.
Қытай еліміз үшін негізгі туристік мақсатты нарықтардың бірі саналады. Былтыр қарашада Қазақстан мен Қытай азаматтары үшін 30 күнтізбелік күнге дейін өзара визасыз режим енгізілсе, биылдан бастап екі ел арасындағы рейстер саны артты. Қазіргі таңда Қазақстан-Қытай бағыты бойынша аптасына 44 рейс орындалады. eQonaq жүйесінің деректеріне сәйкес, биылғы 10 айда елімізге ҚХР-дан 122 мыңнан астам турист келген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 64% көп. Былтырғы 10 айда елімізде 78 515 қытайлық турист саяхаттаған, – деп қосты ведомство.
Көрме аясында Outbound Tourism Investment & Development Forum іс-шарасында Қазақстанның инвестициялық әлеуетін таныстыру жоспарланған, деп мәлімдеді Туризм және спорт министрлігі.