Экономиканың өсімін қамтамасыз ету үшін тек жұмыс істеу керек
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров «2025 жылы Қазақстанда бірден үш экономикалық дағдарыс болуы мүмкін бе?» деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Үкімет баспасөз орталығында министрге «Экономистер алдағы екі жылда Қазақстанда 3 ірі дағдарыс болады деп болжап отыр. Олар – бюджет дағдарысы, импорттың артуы, қарыз дағдарысы. Мәселені шешуге ақша жетпеуі мүмкін. Сондықтан теңге құлдырап, ұлттық қор сарқылып, инвестиция ағыны азаюы мүмкін. Бұған Қазақстан дайын ба?» деген сұрақ қойылды.
Нұрлан Байбазаров бұл ақпаратқа сенбеуге шақырды.
Менің ойымша, бұл ақпарат дұрыс емес. Ешқандай импорт пен экспорттың дағдарысы болмайды. Біз Ұлттық банкпен бірігіп болжам жасағанбыз. Ондағы цифрларға мен қарап отырмын. Біздің сауда балансымыз алдағы 5 жылда тек оң деңгейде болады. Көрсеткіш 20 млрд доллардан асады. Сондықтан мұны негізсіз ақпарат деп ойлаймын. Оған сенбеңіздер. Біз ешқандай дағдарысты болжап отырған жоқпыз. Мақсатымыз – экономиканы 6%-дан асыру. Оған барлық мүмкіндік бар. Ол үшін тек жұмыс істеу керек. Біз экономикалық өсімді ғана күтеміз. Ешқандай дағдарыс болмайды, – деп сендерді Үкімет басшысының орынбасары.
Бұған дейін Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков 2025 жылы елімізде ірі қаржылық дағдарыс болуы мүмкін екенін айтқан еді.