Ұлттық валютаның бағамына геосаяси жағдай да әсер етеді
2024 жылдың 9 айында теңге 5,8%-ға әлсіреді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қыркүйекте теңгені айырбастау бағамы бір доллар үшін 481,11 теңгеге дейін, яғни 0,1%-ға аздап нығайды. Алайда жыл басынан бері теңге 5,8%-ға әлсіреді, - деді Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, трансферттерді қамтамасыз ету үшін қыркүйекте Ұлттық қордан республикалық бюджетке 945 млн долларды сатып, теңгеге қолдау көрсеткен.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін инвестициялау үшін шетел валютасын сатып алу көлемі 500 млн доллар болды. Зейнетақы активтерінің валюталық үлесі мақсатты 40% деңгейіне жетуіне байланысты шетел валютасын сатып алуды тоқтата тұру туралы шешім қабылданды, - деді Сүлейменов.
Тимур Сүлейменов теңгенің бұдан кейінгі динамикасы әлемдік нарық пен геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болатынын атап өтті.
Ұлттық банк ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 15 қазанда доллар 484,11 теңгеге тең болып тұр. Кейінгі аптада көрсеткіш 490 теңгеге дейін жетті. Kurs.kz мәліметінше, Алматының валюта айырбастау пункттерінде доллар 488 теңгеден сатылып жатыр. Елордада АҚШ валютасы 490 теңгеге саудаланып жатыр.