Мәскеу биржасы KASE құрамынан шықты
Бүгінде KASE-тің негізгі акционері – Ұлттық банк
Мәскеу биржасы Қазақстан қор биржасы акционерлерінің құрамынан шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Мәскеу биржасы» ЖАҚ (MOEX) «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) акционерлерінің құрамынан шықты. 11 қазандағы жағдай бойынша KASE акцияларын ұстаушылардың өзекті тізімі биржаның сайтында жарияланды. Бүгінде KASE-тің негізгі акционері 47,0 % үлесі бар Қазақстанның Ұлттық банкі саналады, - деп жазылған қордың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сондай-ақ KASE 2018 жылғы 10 қазанда қол қойған стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге және онымен байланысты келісімдерге негізделген MOEX-пен өзара қарым-қатынас тоқтатылғанын атап өтті.
Айта кетейік, биыл 30 қыркүйекте MOEX өкілі Владимир Крекотень өзінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініші негізінде KASE директорлар кеңесінің құрамынан шыққан.