Алайда егін егетін жер көлемі айтарлықтай азайып кеткен
«Зеренді-Астық» ЖШС және оның инвесторы – «Қазақстан астық консорциумы» ЖШС басшылары баспасөз мәжілісінде биылғы егін науқанының барысы жайын баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Қазақстан астық консорциумы» ЖШС-ның бас директоры Бақтияр Оспановтың айтуынша, биыл «Зеренді-Астық» ЖШС мол өнім беріп, консорциум серіктестікке инвестор болып келгеннен бергі рекордты көрсеткішке ие болған. Қазір компанияның пайшыларға төлемақы беру жұмыстары басталды.
Айта кетсек, Қазақстан астық консорциумына кіретін шаруашылықтар арасында пай бойынша төлемақы алғашқы болып «Зеренді-Астық» ЖШС беріп жатыр.
Қазақстан астық консорциумы 2021 жылы «Зеренді-Астық» серіктестігіне оның қарыздарын өтеп, жұмысты жолға қою мақсатында келген болатын. Бұрынғы акционердің кезінде компания құлдырап, оның түрлі банкте қарыздары бар болды. «Зеренді-Астықтың» өзі проблемалық несиелер қорына кепілге берілген. Компания банкрот болудың алдында ғана тұрған еді. Біз инвестор ретінде келу арқылы кепілде тұрған жерлердің сатылып кетуінің алдын алдық. Әрине, мемлекет бізге компанияның барлық қарызын өтеу міндетін қойды. Қазір бұл мәселені біртіндеп шешіп жатырмыз, – деді Бақтияр Оспанов.
Алайда «Зеренді-Астық» ЖШС-ның құрамына кіретін пайшылардың заңсыз жолмен хаттама жасау арқылы серіктестіктен шығуы компанияның дамуына үлкен кедергі келтіріп отыр. Бұрын 36 мың гектар жерге ие болған серіктестік бүгінде 18 мыңға жуық гектардан айырылған. Бұл жерлердің иелері басқа компанияларға өтіп кеткен.
Бұл тұрғыда инвестор ретінде өте қиын жағдайда қалып отырмыз. Өйткені біз бұрынғы акционердің қарызды толық өтеу міндетін мойнымызға алдық. Алайда егін егетін жер көлемі айтарлықтай азайып кетті. Қазір серіктестік пен пайшылар арасында ұзаққа созылған сот процесі жүріп жатыр. Аталған хаттамалардың жалған екенін растайтын сот шешімдері шықты. Дегенмен қазір бізге шартты түрде пайшылармен бейбіт келісімге келу үшін уақыт беріліп отыр. Осыған орай біз пайшыларды серіктестікке қайта оралуға, бірге жұмыс істеуге, сәйкесінше дивидендтерін алуға шақырамыз, – деді Бақтияр Оспанов.
«Зеренді-Астық» ЖШС мәліметінше, серіктестік құрамынан шығып кеткен шамамен 70 пайшы 2023 жылы қайта оралған. Қазір тағы 30-дан аса пайшы қайта серіктестік құрамына өту бойынша дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Қазақстан астық консорциумы» ЖШС-ның бас директоры Бақтияр Оспанов бұл ретте пайшыларға төленетін дивиденд мөлшері де ұлғайғанын еске салды. Егер «Қазэкспортастық» компаниясы инвестор болған тұста пайшылар өнімнің 5 пайызы мөлшерінде төлемақы алса, бүгінде ол 7,5 пайызды қамтиды.
Құрамына 23 шаруашылық кіретін Қазақстан астық консорциумының басшысы компанияның әлеуметтік жауапкершілігі және оны техникалық жарақтандыру бағытындағы жұмыстар барысын да баяндады. Компания биыл 43 жаңа комбайн (10-ы – импорттық өнім) сатып алса, 2025 жылғы көктемде ауыл шаруашылығы техникаларының қатары 32 егін егу кешенімен толығады. Компания әлеуметтік жауапкершілік аясында жыл сайын ауылдар арасындағы жолды қардан тазалау жұмыстарын өз күшімен іске асырады. Сондай-ақ «Зеренді-Астық» ЖШС пайшылары тұратын, еңбек ететін ауылдарда мәдениет үйін, медициналық пунктін жөндеу жұмыстарын іске асырып жатыр.
Өкінішке қарай, биылға дейін «Зеренді-Астық» ЖШС-ның көрсеткіштері төмен болды. Оған қоса, пайшылардың серіктестіктен кетуі компанияның жоғары дамуына мүмкіндік бермей келді. Соған қарамастан, компания әлеуметтік жауапкершілік аясындағы өз міндеттемелерін орындап келеді. Біз тек төртінші жыл дегенде серіктестік табысқа шығады деп болжап отырмыз. Табыстың артуына қарай облыста әлеуметтік бағыттағы жұмыстарды көбірек орындауға күш саламыз, – деді Бақтияр Оспанов.