Halyq Uni логотип
×

Қатардан 20 млрд инвестиция тартылады: Сенат заңды мақұлдады

Шетелдік инвесторларға салықтық жеңілдік жасалады

 Дәурен Ерболат 10.10.2024 | 14:22
Қатардан 20 млрд инвестиция тартылады: Сенат заңды мақұлдады
Фото: Halyq Uni

Сенаттың жалпы отырысында депутаттар Қатардан Қазақстанға 20 млрд доллар инвестиция тартуға мүмкіндік беретін заңды мақұлдады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Сенатта Мәжіліс қабылдаған «Қазақстанның Үкіметі мен Қатар Үкіметі арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралды.

Депутат Бибігүл Аққожина құжат елімізде жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Келісім еліміздің аумағындағы: телекоммуникация, энергетика, мұнай-химия, көлік, қаржы және басқа да салаларда 9 бірлескен нақты инвестициялық жобаны іске асыруды көздейді. Атап айтқанда, «Қашаған» кен орнындағы газ өңдеу зауыттарын, Қостанай облысындағы компрессорлық станция мен магистральдық газ құбырын, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін, Ертіс өзеніндегі су электр станциясын, Қызылорда облысындағы электр станциясын салу жөніндегі жобалар, сондай-ақ, «Береке Банк» акционерлік қоғамының 100% акциясын және «Мобайл Телеком-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 100% қатысу үлесін сатып алу бойынша жобалар, – деді сенатор.

Ол аталған келісім аясында заңдарға өзгеріс пен толықтыру енгізілуі мүмкін екенін жеткізді.

«Қазақстан Үкіметі стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру барысында қолданыстағы ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізуді талап ету мүмкіндігімен келіседі және мемлекеттік мүдделерді ескеріп, тиісті түзетулерді іске асыру үшін барлық қажет шараны қабылдайды. Қатар Үкіметі инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында даму институттарынан немесе басқа да қатарлық инвесторлардан инвестициялар немесе қаржыландыру тарту үшін жобаларға кешенді тексеру жүргізіліп болған соң, көмек көрсете алады. Сонымен қатар қызығушылық танытқан инвестициялық жобалар талаптарға сай болуы және белгілі бір кірістілік деңгейіне жетуі қажет», – деді Бибігүл Аққожина.

Сондай-ақ елімізде шетелдік инвесторлардың жұмыс істеуі үшін жағдай жасалады.

Келісім шеңберінде Қазақстан стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыруға жәрдемдесу үшін жабдықтарды, шикізаттар мен материалдарды әкелу кезінде кедендік баждарды төлеу жөніндегі міндеттемелерден босату, сондай-ақ Қазақстан заңнамасында көзделген салықтық жеңілдіктер береді. Бұл ретте инвестор осы келісім күшіне енген күннен кейін қандай да бір жаңа салықтарды төлеуге немесе Қазақстан заңнамасында енгізілген қандай да бір басқа төлемдерді жүзеге асыруға міндетті емес. Стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру кезеңінде және одан кейінгі 20 жыл ішінде Қазақстанның трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасы инвесторларға қолданылмайды. Келісімді іске асыру жалпы сомасы шамамен 20 млрд доллар болатын инвестицияны тартуға мүмкіндік береді, - деді сенатор.

Дауыс беру нәтижесінде депутаттар заңды мақұлдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама