Ұлттық экономика вице-министрі теңгенің құнсыздануына негіз жоқ екенін айтты

Дәурен Ерболат

Қазір бір доллар 491,48 теңге тұрады

Фото: Halyq Uni

Ұлттық экономика вице-министрі Асхат Қасенов Қазақстанда доллар қымбаттағанына қарамастан теңгенің жанкүйері болып қала беретінін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Министрдің орынбасары ұлттық валюта бағамы тұрақты деген пікірде.

Қазақстан валютасының жанкүйерімін. Соңғы жылдары байқалған динамика осыған дәлел. Валютамыз тұрақты. Оған әртүрлі фактор әсер етеді. Басқа валюталар сияқты ол еліміздің экспорт-импортына тәуелді. Сондықтан бұған сәйкес бағам өзгеруі мүмкін. Бірақ сіздер валютаның тұрақты екенін көріп отырсыздар. Ұлттық валютадағы депозиттердің кірістілігі шетелдік валютаға қарағанда әлдеқайда көп. Осыған байланысты ұлттық валютаның тұрақтылығына сенемін, - деді Асхат Қасенов Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Оның айтуынша, соңғы 3 жылда әртүрлі сарапшы теңгенің құлдырайтынын айтып, болжам жасаған. Алайда ол бірде бір рет шындыққа сәйкес келмеген.

«Қазақстанда көптен бері деальвация болмады. Өйткені, теңгенің девальвациясы үшін іргелі айқын негіздер болуға тиіс. Қазір мұндай жоқ. Биыл экспортымыз былтырғыға қарағанда айтарлықтай жоғары, импорт төмендеді, сауда балансымыз оң көрсеткішке ие. Сондықтан қазір девальвацияға ешқандай негіз жоқ», - деді министрдің орынбасары.