1 млн қазақстандық 86 мың теңгеден аз жалақы алады

Ербол Тұрымбет

Табысы төмен өңірлердің көшбасында Түркістан облысы тұр

Фото: Halyq Uni

Биыл екінші тоқсанда елімізде 179,4 мың үй шаруашылығының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болған. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,9% артық. Осы үй шаруашылықтарында 1 миллион адам өмір сүрді, ол да бір жыл ішінде 1,1% көбейгенін білдіреді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ranking.kz жазуына қарағанда, өңірлер бөлінісінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен үй шаруашылықтарының басым бөлігі – 23,3 мыңы Түркістан облысында байқалған. Бұл қайта бір жылда 13,9% азайғаны.

Антирейтингтің екінші және үшінші орындарында Алматы (19,3 мың) мен Жетісу облыстары (12,7 мың) тұр. Ең азы Ұлытау облысында тіркелген, мұнда 2,6 мың отбасының ғана жағдайы тым құлдыраған.

Екінші тоқсанда 7,5 мың үй шаруашылығы азық-түлік себетінің құнынан төмен тауып отырған. Бұл да былтырғы көрсеткіштен 19,8% азайғаны.

Өңірлік бөліністе осындай өте кедей үй шаруашылықтарының басым бөлігі – 3 мыңы Шымкентте болған. Антилидерлер үштігіне Шығыс Қазақстан облысы (1,7 мың үй шаруашылығы, бір жылда 2,2 есе өскен) мен Алматы қаласы (1,2 мың, +4,7%) кірді.

Шымкентте 19,2 мың адам азық-түлік себетінің құнынан төмен табатын үй шаруашылықтарында тұратыны анықталған. Сол секілді Шығыс Қазақстан облысында – 8,6 мың, Алматыда – 7,2 мың адамды тұрған.

Айта кетейік, Our World in Data деректеріне сәйкес, 2023 жылы әлем халқының 8,98%-ы өте кедей өмір сүрген. Кедейліктің ең жоғары деңгейі Шығыс және Оңтүстік Африка елдерінде байқалған. Ондағы көрсеткіш 42,8%-ға дейін барған. Мұндай жағымсыз көрсеткіш сонымен қатар, Сахараның оңтүстігіндегі Африка мемлекеттерінде (36,7%), сондай-ақ, Батыс және Орталық Африка елдерінде (27,3%) көрінген.