Инфрақұрылымдық жобаларды дамыту перспективалары талқыланды
Көлік министрлігі Еуропалық Одақпен көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайтады. Бұл туралы вице-министр Талғат Ластаев пен Еуропалық Одақтың Қазақстандағы жаңа тағайындалған тұрақты өкілі Алешка Симкичтің кездесуі барысында белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Кездесу барысында көлік саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелері, сондай-ақ өңірдегі көлік дәліздері мен инфрақұрылымдық жобаларды дамыту перспективалары талқыланды.
Жиында инфрақұрылым, логистика және сауда мәселелеріне ерекше назар аударылды. Еуроодақтың қолдауы Қазақстанның Орталық Азиядағы неғұрлым интеграцияланған және өзара байланысқан экономиканы құруында шешуші рөл атқарады.
Қазақстан, Орталық Азия және Еуропалық Одақ арасындағы серіктестік өте маңызды. Бұл байланыстарды нығайту, тұрақты даму және өзара өркендеуге бағытталған ортақ мақсаттарға негізделген, – деді вице-министр.
Ынтымақтастықты дамытудың маңызды қадамдарының бірі 2024 жылғы 12 маусымда Астанада іске қосылған Транскаспий дәлізін дамыту жөніндегі үйлестіру платформасының құрылуы болды. Бұл жоба Еуропа мен Азия арасындағы көлік байланыстарын едәуір жақсартып, логистиканың тиімділігін әрі тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Біз Еуропалық Одақпен ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға, әсіресе автомобиль, теміржол және әуе байланыстарын жақсартуға үміттіміз. Бұл, сөзсіз, Қазақстан мен Еуропа арасындағы сауда ағындарына ықпал етеді, – деді вице-министр.