Сарапшылар пайымынша, мүдделі тараптар теңгенің нығаюына жол бермейді
Мамырдың кезінде 439 теңгеге дейін түскен бағам қазір 45 теңгеге қымбаттап кетті. Ұлттық банк кешегі күн қорытындысы бойынша доллар құнын 484,37 деп бағалады. Ал нарықта қазір 484-486 теңге аралығында саудаланып жатыр. Экономистер ұлттық валютаның алдағы деңгейіне қатысты оң көзқарас танытпай отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сарапшы Ғалымжан Айтқазин өз телеграм-арнасында нарықтағы мүдделі тараптар теңгенің нығаюына жол бермейтінін жазды. Оның сөзінше, теңгенің номиналды айырбас бағамы биылғы тамыздың ортасынан бері максимумға дейін әлсіреді. Бұған дейін 2023 жылдың қыркүйегінде ғана осы деңгейде болған еді.
«Курстың бұлай құбылуының негізгі себебі, жаз айларында шетелдік валютаға сұраныстың артып, сондай-ақ, жаздың соңында лимиттің сарқылуына байланысты Ұлттық қордан республикалық бюджетке аударылатын қаражаттың азаюынан болды. Екінші жағынан, республикалық бюджетке трансферттердің ұлғаюына қарамастан, БЖЗҚ-ға шетелдік валюта сатып алу да ұлғайды. Қыркүйекте 500 млн доллар болса, қазанда Ұлттық банк 900 млн долларға дейін жұмсайын деп отыр. Сонымен қатар, биыл импорттың қалпына келіп жатқанын ұмытпау керек. Айталық, қаңтар-мамырда импорт жылдық мәнде 7,8%-ға төмендеген болса, қаңтар-тамызда құлдырау 6,9%-ға дейін баяулады әрі қалпына келтіру үрдісі жыл соңына дейін жалғасуы мүмкін. Бұл өз кезегінде KASE-де нарық қатысушыларының шетелдік валютаға сұранысын арттырады, – дейді Ғалымжан Айтқазин.
Сондықтан, Қазақстандағы негізгі мүдделі тараптар теңге бағамын бірінші жартыжылдықтағы сияқты нығайтуға жол бермейді деп болжап отыр.
Экономист Марат Әбдірахмановтың айтуынша, Қазақстан мен АҚШ-тағы соңғы 10 жылдағы инфляция айырмашылығы белгілі. АҚШ-та 10 жылда 27,8% болса, бізде ресми есептің өзінде 126,1%-ға артқан. Теңге/долар арақатынасы да осы айырмашылыққа сай өзгергені абзал. Соңғы деректерге сүйенсек, бұл айырмашылық он жыл ішінде 45%-дан 75%-ға дейін ғана барып жүр.
Ұлттық банк мәлімдеуінше, қыркүйекте республикалық бюджетке трансферт үшін Ұлттық қордан 945 млн доллар сатылды. Қазанда 1,3-1,4 млрд доллар шамасында сатылайын деп отыр. Өйткені, Марат Әбдірахмановтың сөзінше, елімізде импортқа жұмсалатын шетелдік валюта жетіспейді. Сол мақсат үшін нарыққа шетелдік валюта құю деп бағалауға болады. Ал ол одан түсетін қаражат бюджет дефицитін жабады.
Салық түсімдеріне қатысты қатарынан үш жартжылдықта еш лайықты шара қабылданбады. Бұл мәселе фискалдық есептің болмауынан туындап отыр. Теңгені отандық бизнес жоғары деңгейде бағалайды. Бұл дұрыс емес. Бұған қатысты лайықты шаралар қабылдайтын болса, ол өте қарапайым. Салық әділ болуы керек және несие мөлшерлемелері экономикаға негізілделуі керек. Егер бүгін инфляция деңгейі 8,2% болса, Ұлттық Банкіміздің 14,25% базалық мөлшерлемені қайдан алып отырғанына жауап жоқ, – дейді сарапшы.
Сондықтан экономистің сөзінше, монетарлық инфляцияның деңгейін жоғары деп санауға болады және әр жылда 10%-дан астам бағалауға болады. Бұл мәліметі барлығы көріп отырған соң девальвация боларын күтеді.