Биыл егін жинау жұмыстарына 580 млрд теңге бөлінген
Қазақстанда 22,7 млн. тоннадан астам астық дайындалды, деп хабарлайды Halyq Uni.
АШМ баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде дәнді дақылдар бойынша 15 млн гектардан аса дәнді және бұршақты дақылдар жиналған. 15 ц/га орташа өнімділікпен 22,7 млн тоннадан астам астық бастырылды.
Осылайша, бидай 12,1 млн гектар алқапта жиналды, 14,3 ц/га өнімділікпен 17,3 млн тонна бастырылды, арпа – 2 млн гектар, 17,1 ц/га өнімділікпен 3,4 млн тонна бастырылды, ал сұлы – 166,7 мың гектар, 16 ц/га өнімділікпен 266,4 мың тонна бастырылды. Биыл майлы дақылдар 748,1 мың гектар алқаптан жиналып, орташа түсімділігі 11,3 ц/га 842,3 мың тонна бастырылды.
108,4 мың гектар алқаптан өнімділігі 232,7 ц/га болған кезде 2,5 млн тоннаға жуық картоп жиналды, көкөніс дақылдары 105,3 мың га жиналды, өнімділігі 259,3 ц/га болған кезде 2,7 млн тоннадан астам өнім жиналды. Бақша дақылдары 97,8 мың гектар алқаптан жиналды, өнімділігі – 264,5 ц/га, жалпы түсімі 2,5 млн тоннадан асты, – делінген министрлік хабарламасында.
Жинау науқанына 149,9 мың трактор, 37,6 мың астық жинау комбайны, 14,9 мың дестелегіш және 195 мың басқа техника тартылған.
Еске сала кетсек, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 580 млрд теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есе көп.