Cartier, Breguet және Tiffany: қайтарылған заңсыз активтер аукционға түседі

Ербол Тұрымбет

Соңғы аукционда 1,8 млрд теңге қаражат түскен

Фото: Halyq Uni

Қайтарылған активтерді басқару компаниясының балансына биыл 1 қазандағы жағдай бойынша 219 актив қабылданған. Оның 196-сы зергерлік бұйым, ішінде белгілі әлемдік брендтер бар. Қалған активтер жер телімдері, тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлік, өндірістік базалар, заңды тұлғалардағы акциялар мен қатысу үлестері, сондай-ақ, тауарлық-материалдық құндылықтар, деп хабарлайды Halyq Uni.

Үкімет қаулысымен былтыр 21 қыркүйекте елімізде Қайтарылған активтерді басқару компаниясы құрылған еді. Компанияның міндеті «Заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңда және басқа да нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген тәртіппен мемлекетке қайтарылған активтерді басқару, олардың сақталуын және саудалануын қамтамасыз ету. Соған сай компания активтерді жақсы күйінде сақтап, жоғалтпай, күйін қашырмай ұстап отырумен айналысады. Сосын заңға сәйкес оларға қатысты сауда-саттық, аукцион мен басқа да шараларын өткізеді. Бүгінге дейін сатқан активтерден 5,7 млрд теңге тауып, Арнаулы мемлекеттік қорға 5,9 млрд теңге аударған.

Halyq Uni сол активтерді басқарушы компаниядан балансқа қабылданған және аукционға шығарылып жатқан бағалы заттар туралы сұрап білді.

Қандай активтер сатуға қойылады? Ең құнды деген қандай әлемдік брендтер бар?

Саудаға шығарылатын активтердің арасында қайсыбірін ерекшелеп, ең құнды деп айту қиын. Мысалы, зергерлік бұйымдар қатарында Cartier, Breguet және Tiffany сияқты беделді брендтердің қолсағаттары бар. Айталық, лимиттелген сериядағы «Ulysse Nardin Classic 789-80» қол сағаты 214,4 миллион теңге тұрады. Ал екі сырға, тізбекті кулон және екі сақинадан тұратын гауһар жиынтығы 85 млн теңгеге бағаланған.

Бүгінге дейін қандай активтер сатылды? Қанша ақша түсті? Бұл қаражат қайда жұмсалды?

2024 жылдың 1 қазанында 35 аукцион өткізілді, оның 20-сы әлі жалғасып жатыр. Аукциондарда өткізілген активтердің құны 1,8 млрд теңгені құрады, оның ішінде 631,2 млн теңгесі 15 қазанға дейін түседі.

Алдағы сауда-саттық биылғы 9 және 11 қазандарға сағат 10:00-ге белгіленген.

Ал сауда-саттыққа не шығарылады?

Мәселен, 9 қазанда ЖШС-да қатысу үлестері бар екі нысанның саудасы өтеді:

  1. ЖШС-дағы үлесі/қатысуы, қызмет түрі – суды жинау, өңдеу және тарату;
  2. ЖШС-дағы үлесі/қатысуы, қызмет түрі – дербес қазандықтармен жылу энергиясын өндіру.

Ал 11 қазанда мына нысандар саудаға шығарылады:

  1. Бастапқы бағасы 150 мыңнан 690 мың теңгеге дейін баратын коллекциялық монеталар. Олардың жалпы құны – 1 564 810 теңге тұрады.
  2. Жалпы құны 314 742 586 теңгеге бағаланатын мынадай сағаттар аукционға шығарылады:
  • Шектеулі сериядағы «Ulysse Nardin classic 789-80» қолсағаты. Циферблатында авентуриннен жасалған пішіндері бар 18 каратты алтыннан қолмен жасалған. Құны – 214,4 млн теңге;
  • «FRANCK MULLER GENEVE» сағаты, сырты 18 каратты алқызыл алтыннан жасалған, әйнегі – жақұт. Циферблаты лағылмен, жақұтпен және цавориттермен безендірілген, тілі – лағыл. Құны – 29,2 млн теңге;
  • «ULYSSE NARDIN Archive Freak Cruiser» сағаты, сырты 18 каратты ақ алтыннан. Құны – 29 млн теңге;
  • «Breguet 882U №3271» қолсағаты, сырты алтын, әйнегі жақұт. Сырты жырылған, бауы бүлінген. Құны – 10 379 740 теңге;
  • Әшекейлердің жалпы құны – 97 963 968 теңге тұрады. Оның ішінде ең қымбаты – гауһар жиынтығы (2 сырға, тізбектегі кулон және 2 сақина). Құны – 85 млн теңге.

Барлық активтің жиынтық бағасы 19 лот бойынша – 414 271 364 теңгеге барады. 

Аукционда зергерлік бұйымдарды сатып алғанда, адамдар бірегей зергерлік бұйымдарды сатып алумен бірге маңызды әлеуметтік жобаларды қолдайтынын атап өткен жөн. Акциядан түсетін барлық қаражат мұқтаж жандарға көмек көрсетуге, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салаларды дамытуға бағытталады.

Сату процесі қалай жүреді, яғни, активтер қандай тәртіппен сатылады?

Активтер нарықтағы құны бойынша сатылады. Оның құнын актив орналасқан елдің заңнамасына сәйкес тәуелсіз бағалаушы айқындайды. Ұстап отыру экономикалық тұрғыдан орынсыз, бірақ өте өтімді, сондай-ақ, нарық жағдайы сатуға қолайлы болса, олар саудаға шығарылады.

Басқарушы компания активтерді сату үшін аукцион (электронды түрін қоса алғанда), талап ету құқықтарын беру және актив орналасқан елдің заңнамасына қайшы келмейтін басқа да жолдарымен түрлі тәсілді пайдаланады. Бұл әдістер мемлекет үшін ашықтықты, тиімділікті және пайданы барынша арттыруды қамтамасыз етіп, экономикалық және әлеуметтік жобалардың дамуына ықпал етеді.

Егер актив сауда-саттықтың бір циклынан кейін сатылмаса, e-qazyna порталы арқылы қайта өткізілу керек. Ал шетелдегі активтер баламалы әдістермен жүзеге асырылады.

Бұл порталға кез келген адам кіре ала ма?

Сауда-саттыққа қатысатындар тізілім порталында тіркеуден өтуге тиіс. Жеке тұлғалар ЖСН мен жеке деректерін, ал заңды тұлғалар – БСН мен бірінші басшы туралы ақпаратын көрсетеді. Электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қатысуға өтініш беріледі, сосын көрсетілген есеп айырысу шотына кепілдік жарна енгізу керек.

Бұл процедура активтерді сату процесін барлық қатысушыға адал әрі ашық өтуін қамтамасыз етеді.

Саудаға шығарылатын активтердің бағасы қалай қалыптасады? Олар қолданыста болғандықтан, әуелгі бағасынан әлдеқайда арзан бола ма?

Сауда-саттыққа шығарылатын активтердің бағасы оларды бағалау құны негізінде қалыптасады, оны тәуелсіз бағалаушылар айқындайды. Қайтарылған активтерді басқару компаниясы активтерді балансқа беру кезінде оларды бағалау процесіне араласпайды.

Зергерлік бұйымдарға келетін болсақ, олардың аукциондағы бағасы дүкендердегі бағадан төмен болуы мүмкін. Алайда, жылжымалы және жылжымайтын мүлік сияқты басқа активтерді бағалау қазіргі нарық бағамына сай жүзеге асырылады. Аукциондарда жоғары бәсекелестік болған жағдайда мүлік-бұйымдар бастапқы бағасынан айтарлықтай қымбаттап кетуі мүмкін.

Түскен қаражат қайда кетеді? Қаржы министрлігіне ме, әлде жобалар тікелей осы кірістерден қаржыландырыла ма?

Басқарушы компания активтерді сатудан түскен барлық қаражатты Арнаулы мемлекеттік қордың шотына аударады. Бұл қор «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңды жүзеге асыру аясында құрылған.

Сол заңға сәйкес осы шотқа түсетін қаражат Қазақстандағы әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Қордан қаржыландырылатын жобалар Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 20 қыркүйектегі бұйрығымен бекітілген айқындау тәртібінде белгіленген өлшемдерге сәйкес іріктеледі. Әлеуметтік және экономикалық жобалар үшін өлшемшарттарды іріктеу және белгілеу тәртібін мемлекеттік жоспарлауға жауапты орталық уәкілетті орган әзірлейді.