Елімізде пилоттық ауыл шаруашылығы санағы аяқталды
Бұл – негізгі санаққа дайындық
Қазақстанда 2024 жылғы 20 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өткен пилоттық ауыл шаруашылығы санағы аяқталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Іс-шараның негізгі мақсаты – 2025 жылы негізгі санаққа дайындық ретінде деректерді жинау әдістерін, санақ парақтарын және бағдарламаларды сынақтан өткізу, деп мәлімдеді Ұлттық статистика бюросы.
Санаққа заңды тұлғалар, олардың құрылымдық бөлімшелері, жеке кәсіпкерлер, соның ішінде шаруа әрі фермер қожалықтары, сондай-ақ ауыл шаруашылығымен айналысатын үй шаруашылықтары қатысты, – деп қосты ведомство.
Пилоттық санақ екі жолмен жүргізілді: sanaq.gov.kz сайтында онлайн және планшет қолдана отырып, үй шаруашылығын аралау арқылы. Сауалнаманы Ұлттық статистика бюросының аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері елдегі әр өңірдің екі ауылдық әрі бір қалалық елді мекенінде, барлығы 54 елді мекенде интервьюерлерді тартпай жүзеге асырды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, пилоттық санаққа 44 мың респондент қатысты, олардың 31,8 мыңы – үй шаруашылықтары, ал 12,3 мыңы – шаруашылық жүргізуші субъектілері. 2025 жылы негізгі ауыл шаруашылығы санағы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтеді.