Қазақстандық өнімдер Аргентина мен Бразилияға экспортталады
Келесі жылдың басында жаңа зауыт салынады
«Black Biotechnology» ЖШС-нің «AL KARAL» брендімен шығарылатын органикалық жем қоспалары мен тыңайтқыштарды өндіретін отандық өндіруші Латын Америкасы елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, компания өкілдерінің Аргентинаға сапары барысында осындай келісімге қол жеткізілген.
«AL KARAL» брендінің негізін қалаушы Асем Кенжебек жергілікті кәсіпкерлермен, Аргентинаның Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен, мемлекеттік органдармен бірқатар кездесулер өткізіп, гумин заттары негізінде жасалған инновациялық өнімдерін таныстырды.
Біз өнімдерімізді жақын шет елдерге экспорттап келеміз. Енді Латын Америкасындағы ауыл шаруашылығының сапасын арттыруға және Қазақстанның органикалық өндіріс саласындағы халықаралық байланыстарын нығайтуға көмектесетін шығар деп үміттенеміз, – деді Асем Кенжебек.
Компания жоспарына сәйкес, келесі жылдың басында жаңа зауыт салынып, өндіріс пен өнімнің халықаралық сертификациясы аяқталғаннан кейін Аргентина мен Бразилияға экспорт басталады.
Еске сала кетсек, 2023 жылы «Black Biotechnology» ЖШС «Жасыл» ESG облигацияларын шығарған алғашқы ШОБ компанияларының бірі болды. 2023 жылдың қарашасында 2 миллиард теңгеге берілген облигациялардың купондық сыйақысы «Даму» қорымен субсидияланды, ал 75% кепілдігі Алматы ӘКК-сы берді. Табылған инвестицияларға Алматының индустриялық аймағында зауыт салынып жатыр, оны жылдың қарашасында аяқтау жоспарланып отыр.