Қазақстан мен Моңғолия көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайтады
Өзара іс-әрекеттің негізгі мәселелері талқыланды
Қазақстан мен Моңғолия көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайтады. Бұл туралы тараптардың көлік саласы мамандарының кездесуі барысында белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Кездесу аясында автожол саласындағы өзара іс-әрекеттің негізгі мәселелері талқыланып, мемлекеттер арасында жаңа автомобиль жолын салу жайында сұрақтар пысықталды.
Автожолдың жаңа бағыты Моңғолия шекарасына қарай шығатын Өскемен, Риддер қалалары және Туэкта (Ресей Федерациясы) елдімекені арқылы өтпек. Болжамды жаңа маршруттың қазақстандық учаскесі – Өскемен қаласынан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі аралықта салынды. Оның жалпы ұзындығы – 189 шақырым, 62 шақырымда күрделі және орташа жөндеу жұмыстары атқарылады. Маршруттың басым бөлігі Ресей Федерациясының аумағында өтеді. Егер Ресей тарапының жол салуға келісімі болса, маршрут 837 шақырым болады, – делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетсек, қазір қолданыстағы «Өскемен-Рубцовск-Барнаул-Туэкта автомобиль жолы-Моңғолия шекарасы» тасжолының ұзындығы – 1 604 шақырым.