Егін жинау науқаны талқыланды
Вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен егін жинау науқаны бойынша жедел штабта жиын-терімді үздіксіз жүргізу үшін фермерлерді барлық қажетті құралдармен қамтамасыз ету мәселесі қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ауа райының қолайлы болуының арқасында 27 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанның негізгі астықты өңірлерінде алқаптың 13 млн гектарға жуығы немесе 75%-ы жиналды. Егін орағы науқанын қазанның соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қазір майлы дақылдарды жинау жүргізіліп жатыр, деп мәлімдеді Үкімет.
Өнімді кептіру агрегаттары үшін арзандатылған дизель отыны мен сұйытылған газды тиеп, жөнелту және 4-сыныпты арпа мен бидайдың бағасы – жедел штаб отырысында қаралған негізгі мәселелер болды, – деп қосты ведомство.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың мәліметінше, 27 қыркүйекте элеваторларға 3,376 млн тонна астық түсті, оның 2,476 млн тоннасы – бидай. Бидайдың жалпы көлемінде 1,4 млн тоннасы 3-ші сыныпты бидай (56,2%), 701,4 мың тонна – 4-ші сыныпты (28,3%), 263,1 мың тонна – 5-ші сыныпты (10,6%) астық. Қамбаға түскен арпаның 95%-ға жуығы – 2-ші сыныпты арпа.
4-5-ші сыныпты бидай жинауды ұлғайту перспективасын ескере отырып, шаруалар осы астықтың форвардтық сатып алу бағасын мүмкіндігінше ерте жариялауды сұрап отыр. Серік Жұманғарин Азық-түлік корпорациясына келесі аптада форвардтық сатып алу бағасын жариялауды тапсырды.
Негізгі астық егетін өңірлерге астық кептіру агрегаттарының жұмысы үшін арзан бағада сұйытылған газ жеткізу басталды. Өнімді жинап, кептіруге қажетті дизель отынын тиеп жөнелту жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр, – деп толықтырды баспасөз қызметі.
Күзде топыраққа енгізу үшін қажетті минералды тыңайтқыштарды жөнелту барысы жеке қарастырылды. Жалпы жоспардың 84%-ында жөнелту төмен қарқынмен жүріп жатқан өңірлер бар. Вице-премьер шаруалар тыңайтқыштарды уақытында қолдану үшін жұмыс үдерісін жеделдетуді тапсырды.