Енді олар жылдық өндірісі 23 мың тонна болатын техникалық кремний өндірумен айналысады
Қатардан келген компания «Самұрық-Қазына» қорының екі рентабельді кремний активінің үлесін сатып алды, деп хабарлайды Halyq Uni Orda.kz-ке сілтеме жасап.
«Самұрық-Қазына» тобы «Тау-Кен Темір» ЖШС және «Силикон Майнинг» ЖШС акцияларының 55 пайызын Қатарда тіркелген компания – Metaleen Investments Holdings LLC компаниясына сатты. Ақшалай сыйақы 4,9 млрд теңге болады.
Мәміле 2024 жылдың 27 тамызында жасалды. «Самұрық-Қазына» АҚ тобының 2024 жылғы 30 маусымдағы аудиттен өтпеген қаржылық есеп беруінде сатып алушының үшінші тарап екендігіне баса назар аударылған.
Ашық дереккөздерден белгілісі: Metaleen Investments Holdings LLC компаниясы Қатардың қаржы орталығында 2023 жылы 10 мың доллар капиталымен тіркелген.
Мәміле нәтижесінде топ өзінің еншілес компанияларына бақылауды жоғалтты және қалған 45% қатысу үлесін қауымдасқан компанияларға салынған инвестиция ретінде мойындады, - делінген «Самұрық-Қазынаның» өз есебінде.
Екі компания да қордың портфельдік компаниясы – «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ еншілес компаниялары. «Тау-Кен Темір» компаниясы техникалық кремний өндірумен айналысады.
Компанияның сайтында жылдық өндіріс көлемі 23 мың тонна екені көрсетілген. Зауыт шикізатты Қарағанды облысындағы Ақтас кен орнында тамыр кварцын өндіретін Silicon Mining компаниясынан алады.