Halyq Uni логотип
×

Еліміз 5G желісін енгізу бойынша көшбасшы атанды

Жаңа технологияны іске қосуға қомақты қаржы құйылған

 Дәурен Ерболат 27.09.2024 | 12:05
Еліміз 5G желісін енгізу бойынша көшбасшы атанды
Фото: elements.envato.com

Қазақстан ЕАЭО елдер арасында 5G желісін іске қосу бойынша көшбасшы атанды, деп хабарлайды finprom.kz.

Еліміз – бесінші буын желісін пайдалану процесін бастаған санаулы мемлекеттің бірі. Қазақстанда Kcell және Tele2/Altel («Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС) ұялы байланыс операторлары 5G желісін іске қосты.

Операторлар салаға қомақты қаражат салып жатыр. Мысалы, 2023 жылы Kcell салаға шамамен 177 млрд теңге инвестиция құйды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4 есе көп (41,6 млрд теңге). Kcell негізгі құралдарға 74,2 млрд теңге, материалдық емес активтерге 102,7 млрд теңге жұмсады.

2023 жылы Kcell 5G базалық станцияларының санын 480-ге дейін жеткізіп, бесінші буын желісін қолданысқа беру бойынша өзіне жүктелген лицензиялық міндеттемені асыра орындады.

Жыл соңына дейін 17 қалада тұратын 500 мың қазақстандық жаңа технология базасында заманауи телекоммуникациялық қызметтер мен цифрлық сервистерге қол жеткізді.

Биыл компания республика бойынша 986 5G базалық станциясын орнатты.

ЕАЭО-ға мүше елдерге тоқталайық. Мәселен Ресейде бесінші буын желісі әлі күнге дейін коммерциялық пайдалануға толық берілмеді.

Қырғызстанда 5G енгізу мәселесі әлі де талқыланып жатыр.

Беларусьте бес жылдан аса 5G енгізу туралы әңгіме қозғалып келеді. Бірақ нақты нәтиже жоқ.

Арменияда бесінші буын желісі коммерциялық пайдалануға берілмеген. Биыл тамызда Жоғары технологиялық индустрия министрлігі 5G желісін орналастыру үшін пайдаланылатын 3600–3800 МГц жиілік диапазонын кеңейтетінін жариялады.

Қорытындыласақ, ЕАЭО-ға мүше елдер арасында Қазақстан – 5G-ді коммерциялық пайдалануға беріп қана қоймай, желіні республика бойынша енгізген жалғыз мемлекет. Бүгінде бесінші буын желісі еліміздегі 20 ірі қалада жұмыс істейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама