Қазақстан биылдыққа импортты азайтып, экспорт әлеуетін арттырған
Қазақстан өнімін ең көп тұтынатын Италия болып шықты
Биыл еліміз сыртқы сауда айналымында экспорт әлеуетін арттырып, импорт көлемін азайту тенденциясын сақтап отыр. Жыл басынан бергі 7 ай ішінде 46 млрд доллардан астам бағаланатын өнім экспорттап, былтырғы салыстырмалы кезеңге қарағанда 2,2% өсім көрсеткен, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ұлттық статистика бюросы жариялаған мәліметке қарағанда, импорттық өнімдер үлесі біршама азайған. Мәселен, осы аралықта Қазақстанның сырттан сатып алған өнімі шамамен 33 млрд долларға жуықтаған. Сәйкесінше, бұл былтырғы осы кезеңдегі құнынан 6,9% кем.
Бұл жағдай жалпы көріністегі сыртқы сауда айналымының кері көрсеткішіне әсер етіп отыр. Сайып келгенде, осы жылдың алғашқы 7 айындағы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 79 млрд доллар деп бағаланып, былтырғы осы айлар аралығындағы межесінен 1,8% азайғанын білдірді.
Оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен арадағы өзара саудасы 15,8 млрд долларға дейін кеміп, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 8,7% азайғанын көрсетіп отыр.
Оның 5,7 млрд долларын сол елдерге экспорттаған болсақ, 10 млрд доллардың өнімін өзімізге қабылдап алғанбыз. Екеуінде де 15,9% және 4% деңгейінде төмендегені байқалады.
Қазақстанның ЕАЭО елдерімен арадағы сауда қатынасында Ресейдің салмағы өте басым, солтүстік көршімізбен болған сауда бүкіл одақ елдерімен арадағы сауданың 91,1%-ын алып отыр. Қалғаны 5,7%-ы Қырғызстанмен, 3,1%-ы Беларусьпен жасалған. Небәрі 0,1%-ы ғана Армениямен арадағы саудаға тиесілі.
Еліміз осы айлар ішінде ең көбі мынадай тауар түрлерін экспорттаған: шикі мұнай және битуминозды жыныстардан алынған шикі мұнай өнімдері (55,6%), тазартылған мыс және өңделмеген мыс қорытпалары (5,1%), химиялық радиоактивті элементтер және радиоактивті изотоптар(4,4%), кендер және мыс концентраттары (4,1%), ферроқорытпалар (2,8%).
Ал елімізге керісінше импортталған өнімдерге келсек, ең көбі жеңіл автокөліктер болып шықты. Сырттан келген өнімдердің ішінде олардың үлесі 3,9%-ын алады. Одан соң дәрілік заттар (3,5%), ұшу аппараттары (3,1%), телефон аппараттары (3%), моторлы көлік құралдарына арналған шанақ (2%) сынды дүниелер келген.
Қазақстанның сыртқы саудадағы ең жақын елдері әдеттегідей еліміздің мұнайының басым бөлігін тұтынатын Италия (23,5%), одан соң Қытай (18,9%), Ресей (10,8%), Нидерланды (6%), Франция (5,2%), Түркия (4%) елдері болып келеді.
Ал сырттан сатып алатын елдер тізбегіне келгенде, елімізге ең алдымен Ресей негізгі әріптес болып отыр. Бұл елден келетін тауарлар жалпы өнім ішінде 28,6%-ын алған. Одан соң Қытай (24,8%), Германия (5%), АҚШ (4%), Франция (3,5%), Корея Республикасы (3,2%) болып саналады.