Отандық өнімді Өзбекстан көп сатып ала бастады
Көршіміз өзге елдер арасында көш бойы озық тұр
Өзбекстан қазақстандық өнімдерді сатып алушы елдер арасында көш бастады. Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша көрші ел бізден 50 млрд теңгенің өнімін импорттаған. Бұл оңтүстік көршімізге экспортталатын қазақстандық тауарлардың үш екеге дейін артқанын білдіреді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің мәлімдеуінше, бұл елден біздегі күнбағыс майына, ұнға, сондай-ақ, құрылысқа қажет қоспалар мен металл бұйымдарына деген сұраныс артқан.
Одан кейінгі орында тұрғаны – Ресей. Солтүстік көршімізге осы аралықта жалпы құны 20 млрд теңгені құрайтын өнім жіберілген. Ресейден соң Қазақстан өнімін көп тұтынатын елдер қатарында Тәжікстан тұр. Ол жаққа әуелгі 7 айда 2,2 млрд теңгеге бағаланатын өнім жөнелтілген. Сол секілді Қырғызстан мен Сингапурға да дәл осындай көрсеткіш
Сыртқа жөнелтілген өнімнің басым бөлігін тамақ өнеркәсібі алып отыр. Ол жалпы экспорттың 45,2%-ын құрайды. Одан соң металлургия (36,4%), машина жасау (10,3%), агроөнеркәсіптік кешен өнімдері (5,8%) мен құрылыс материалдары (1,7%) тұр.
Агенттік департаментінің директоры Дәурен Нұрановтың айтуынша, отандық кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетіп, экспорт мүмкіндігін арттыруға, жаңа нарықтарды игеруге және бәсекеге қабілетті өнім өндіруге көмектесу мақсатымен биылдыққа 236 экспорт келісімшарты жасалған. Оның сөзінше, бизнеске ұсынылатын қолдау шаралары олардың түрлі қажеттілігіне лайықталған. Оған қоса, өнім экспорттау барысында кез келген уақытта өздеріне қажетті шешім қабылдай алады.
Айта кетерлігі, тамыздың басындағы дерекке қарағанда, агенттіктің сақтандыру портфелі 478,4 миллиард теңгеге жеткен.