«Үкіметке тікелей жүгіне алады». Инвесторларға қандай жағдай жасалып жатыр?
Сонымен қатар, Fast Track жүйесі енгізілген
Өңірдегі негізгі инвестициялық орталық ретіндегі орнын сақтап қалу үшін Қазақстан 2029 жылға қарай 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тартуды көздеп отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сыртқы істер министрлігіне қарасты KAZAKH INVEST АҚ мәлімдеуінше, жоба басталарда жер телімдері мен субсидияларды бөлу, арнайы экономикалық аймаққа орналастыру және инфрақұрылым мен техникалық шарттарды ұсынуға байланысты бірқатар жүйелі қиындық бар.
Дегенмен елде инвесторлардың жағдайы жылдан жылға жақсарып келеді. Бірінші жартыжылдықта СІМ Инвестициялар жөніндегі комитеті 1,4 трлн теңгеге 47 инвестициялық келісімшартқа қол қойды. Ал инвестициялық жобалардың жалпыхалықтық пулы жалпы құны 33 трлн теңге құрайтын 700 жобадан тұрады.
Инвестицияларға қатысты әкімдіктер премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың басшылығымен инвестициялық штаб аясында жұмыс істеп жатыр. Ай сайын отандық және шетелдік инвесторлардың проблемалық мәселелерін қарау арқылы мандаттық сипаттағы шешімдер шығарылады, бұл инвестициялық жобаларды іске асырудағы мәселелерді шешуді жеңілдетіп, жеделдетеді, – деп жазды компания.
KAZAKH INVEST мәлімдеуінше, инвестицияларды тарту жүйесінің тиімділігін одан әрі арттыру, инвестициялық жобаларды іске асыруды мониторингілеу және сүйемелдеу үшін, СІМ ЦДИАӨ министрлігімен бірлесіп ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны іске қосқан. Платформада инвесторлар жобаларды іске асыру барысында туындайтын мәселелері бойынша үкіметке тікелей жүгінуге мүмкіндік алады.
Платформаны құрудағы басты мақсат инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді және жеделдетілген өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, сол арқылы инвестицияларды жылдам әрі жариялы түрде тартуға жағдай жасау.
Бұдан басқа, Бас прокуратурамен бірлесіп Fast Track инвестициялық жобаларын қолдау жүйесі енгізілген. Оны «жасыл дәліз» деп те атайды. Оның артықшылығы, инвестор барлық қажетті процедурадан жедел әрі жеңілдетілген тұрде өтеді, сондай-ақ, дайын шешімдер пакетін қолдана алады.