Шетелдік инвестицияны әртараптандыру көрсеткіші ұлғайған
Жекелеген салалардағы кейбір жағымсыз динамикаларға қарамастан, жалпы тренд еліміздегі инвестициялық мүмкіндіктердің өсуі мен әртүрлілігін көрсетеді. Сыртқы істер министрлігіне қарасты Kazakh Invest компаниясының мәліметінше, бұл деректер инвесторлардың Қазақстанның ұзақмерзімді даму болашағына деген сенімін көрсетеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Компания мәліметінше, Қазақстан үшін бір көзге шамадан тыс тәуелді болып қалмау үшін тікелей инвестицияларды әртараптандыру өте маңызды. Қазақстанның экономикалық даму мақсаттарына қол жеткізу үшін тартылатын шетелдік инвестициялардың көлемі мен сапасын арттыру мақсатында табысы жоғары елдерден жан басына шаққандағы инвестицияларды тартуға назар аударылады.
Биыл Үкімет қолдауымен Carlsberg зауыты (50 млн доллар) пайдалануға берілді, жыл соңына дейін мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, вольфрам кенін қайта өңдеу бойынша «Жетісу Вольфрамы» зауытын (450 млн доллар), 56 млн долларға Wan SHENG CERAMIC керамикалық плиткаларын өндіру зауытын (Шымкент қ.) ашу, Кока-Кола алкогольсіз сусындарын өндіру (Шымкент қ.), Қостанай облысында «SKODA» және hongqi автомобильдерінің ірі тораптық өндірісін іске қосу және т.б. жоспарланып отыр, – деп жазды компания.
Оған қоса, биыл Pepsico жобасы бойынша жұмыс басталған, нәтижесінде компания Қазақстанда Lays чиптерін шығарады. Бір айта кетерлігі, олар алдымен жергілікті өндірушілерді картопқа арналған арнайы тұқымдармен қамтамасыз етіп, сосын картопты солардан сатып алады. Мультипликативті әсер дегеніміз осы, олар зауытта жұмыс орындарын құрып, сонымен қатар фермерлер де, көлік компанияларынан бастап дүкендердегі сатушыларға дейін барлығы осы тіршіліктен нәпақа табады.