Бұл биылғы меженің 23%-ына тең
Қазақстан Республикасының 2026 жылға дейінгі инвестициялық саясатының қолданыстағы тұжырымдамасы аясында нақты нысаналы индикаторлар айқындалған. Соған сәйкес биыл тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемін 24,8 млрд долларға жеткізу жоспарланған. Бүгінде Ұлттық Банк деректері бойынша елімізде ТШИ жалпы ағымының көлемі осы жылдың І тоқсанында – 5,7 млрд долларды құрады, бұл 2024 жылға арналған жоспарлы көрсеткіштің 23%-ын алады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сыртқы істер министрлігіне қарасты Kazakh Invest компаниясының мәліметінше, бұл көрсеткіштің ішінде дәстүрлі түрде Қазақстан экономикасының негізі саналатын мұнай-газ, тау-кен өндіру және металлургия салалары басым болды. Әйтсе де мұнай-газ саласына тікелей шетелдік инвестициялардың үлесі соңғы жылдары 75%-дан 36%-ға дейін төмендеген.
Бұл инвестицияның азайғанынан гөрі, инвестиция тарту мүддеміздің әртараптандырылғанын және инвестициялық ландшафттағы оң өзгерістерді көрсетеді. Өңдеу секторының үлесі қазірдің өзінде 23%-ын (бұрын 2019 жылы 14%) алып отыр. Жалпы бұл сала инвестициялық саясат тұжырымдамасымен және тұтастай алғанда ел басшылығымен ТШИ-дің жалпы ағынындағы негізгі сала ретінде қарастырылады, – деп жазды Kazakh Invest.
Компания жауабына қарағанда, соңғы жылдары Қазақстан қосылған құны жоғары тауарлар мен қызметтерді өндіру жөніндегі инновациялық жобалардың арқасында капитал тартуын арттыра түскен. Тамақ өнеркәсібі, туризм және баламалы энергетика салалары айтарлықтай әлеуетін көрсетті. Сонымен қатар, экологиялық таза сутегі өндірісі, сирек кездесетін металдарды қайта өңдеу, IT индустриясы және финтех сияқты алдыңғы қатарлы салалар инвесторлардың қызығушылығын тудырады, бұл еліміздің осы салаларға деген құлшынысымен үйлеседі.
Еліміз шикізаттық экономикадан қайта өңдеу деңгейі жоғары өндіріске бағытталған модельге көшуді негізгі мақсат етіп қойған. Бұл дегеніміз, өңдеу өнеркәсібінің айтарлықтай дамуы деген сөз, сондай-ақ, шикізат ресурстарының экспортына тәуелділікті азайтуға және өнімнің қосылған құнын арттыруға мүмкіндік бермек. Бұл процестің маңызды аспектісі – заманауи технологияларды енгізу және жоғары технологиялық өнімдерді жасау үшін өндірістік процестерді жақсарту, – дейді Kazakh Invest.
Олардың жазуынща, салықтық жеңілдіктер мен ғылыми гранттарды қоса алғанда, мемлекеттік қолдау мұндай өзгерістер үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді. Таза технологияларды қолдану және ресурстарды тиімді пайдалану арқылы экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету де маңызды элемент саналады. Осындай шаралар жоғары технологиялық өндіріс пен инновация шешуші рөл атқаратын теңдестірілген және тұрақты экономиканы құруға көмектеседі.
Айта кетейік, елімізге 30 жыл ішінде тартылған шетелдік инвестиция көлемі 431 млрд долларға жеткен.