×

«Мұнай-газ секторында азайды». KAZAKH INVEST шетелдік инвестиция неге кемігенін түсіндірді

Былтыр 2022 жылға қарағанда 16,9% төмендеген

 Ербол Тұрымбет 10.09.2024 | 12:02
Фото: Halyq Uni

Ұлттық банк мәліметінше, 2023 жылы елімізге келген тікелей шетелдік инвестиция көлемі 23,4 млрд долларды құрады. Бұл 2022 жылғы деңгейінен 16,9% аз. Оның бірнеше себебі бар. KAZAKH INVEST мәлімдеуінше, негізгі мәселе әлемдік қаржы нарығындағы құбылмалы жағдайлардан болып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу қажеттілігі жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында айтқан еді. Президент әсіресе, дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара екенін атап көрсеткен. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілгенін айтты. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашып отыр.

Компания мәліметінше, тікелей шетелдік инвестициялардың жаһандық ағыны 2023 жылдың қорытындысы бойынша 2022 жылға қарағанда 1,8%-ға төмендеп, 1,3 трлн долларды құраған. Люксембург пен Нидерландыдағы қаржы ағымдарының күрт ауытқуы былтырғы тікелей шетелдік инвестиция жаһандық ағымының динамикасына да әсер етті. Себебі, аталған елдер басқа елдерге арналған тікелей шетелдік инвестицияларға делдал ретінде әрекет етеді. Осы елдердегі жағдайды қоспағанда, өткен жылдағы тікелей шетелдік инвестиция жаһандық ағымдары 10%-дан аса төмендеген.

Мәселен, Азияның дамушы елдеріне тікелей шетелдік инвестиция 8%-ға, яғни 621 млрд долларға дейін түскен. Әлемдегі екінші ірі ТШИ алушы саналатын Қытайдың өзінде былтыр 2022 жылға қарағанда 13,7%-ға, яғни 163,3 млрд долларға дейін төмендегені байқалған. ТШИ-дің айтарлықтай төмендеуі әсіресе, Үндістанда қатты білінген. Онда былтыр 43%-ға дейін азайып, 28,2 млрд доллар болып қалған.

Жалпылай алғанда 2023 жылы Орталық Азияға таза ТШИ ағыны 2022 жылмен салыстырғанда 27,3%-ға кеміп, 7,4 млрд доллар болған.

Еліміз туралы айтатын болсақ, былтыр құйылған шетелдік инвестицияның 2022 жылға қарағанда төмендеуінің басты себептерінің бірі, тау-кен өнеркәсібіне, яғни, еліміздің мұнай-газ секторына құйылатын инвестицияның шамамен 4 млрд-тан астам долларға төмендеуінен болып отыр. Тау-кен металлургия кешеніне салынатын тікелей шетелдік инвестицияның төмендеуінің негізгі себебі «Теңізшевройл» болашақ кеңейту жобасы аясында негізгі жұмыстар аяқталды. Болашақ кеңейту жобасы аясында «Теңізшевройлға» 2019 жылы – 3,6 трлн теңге, 2020 жылы – 2,6 трлн теңге, 2021 жылы – 1,9 трлн теңге, 2022 жылы – 1,8 трлн теңге, 2023 жылы – 1,6 трлн теңге инвестицияланды, – деп жазды KAZAKH INVEST.

Бірақ, компания дерегінше, 2023 жылы өңдеу өнеркәсібіне 5,4 млрд доллар тартылғанын атап өту қажет. Ол айтарлықтай қаражат, себебі, алдыңғы жылы 5,5 млрд доллар рекордтық көрсеткіш саналған еді. Бұл қаражаттың үлкен оң әсері бар, айталық, осы өңдеуші өнеркәсіптің және басқа да экспорттық емес салалардың дамуы тау-кен секторына инвестициялар ағынының төмендеуін өтей алады, бұл болашақта неғұрлым теңгерімді және орнықты экономикалық өсуге мүмкіндік туғызады.

Жалпы, өңдеу өнеркәсібіне инвестициялар көлемінің біртіндеп өсуі байқалатынын да атап өткен. Мәселен, соңғы 9 жылда өңдеу өнеркәсібіне жыл сайынғы ТШИ көлемі 2015 жылғы 2,6 млрд доллардан 2023 жылдың қорытындысы бойынша 5,4 млрд долларға дейін екі еседен астам өскені көрініп отыр.

2023 жылы жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 3,7 есеге, ауыл шаруашылығында 52,5%-ға, қаржы және сақтандыру қызметі саласында 44,1%-ға, сондай-ақ, тұру және тамақтану қызметтері саласында 2,1%-ға ұлғайған. Бұл көрсеткіштер инвесторлар үшін осы салалардың тұрақтылығы мен тартымдылығын көрсететінін ерекше көрсеткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама